Сенат кулуарларында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елорда полициясының экстремизмге қарсы бөлімшесіне шақырылған блогер Аида Жексеноваға қолдау білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, ведомствоның заңгерлері жағдайды зерттеп жатыр. Ал өзі блогердің әрекетінен ешқандай құқықбұзушылық көріп отырған жоқ екенін айтты.
Балаева Жексенованы ұзақ жылдар бойы белсенді азаматтық көзқарасымен танылған блогер ретінде білетінін айтты.
"Мен оны бұрыннан бақылап жүремін. Ол өте белсенді блогер, азаматтық ұстанымы бар адам. Әрдайым өз ойын ашық айтады. Кейде билікті сынайды, бірақ бұл конструктивті сын, қалыпты жағдай. Оның үстіне, оның қазіргі жағдайын да ескердім, жүкті екенін білемін", - деді министр.
Ол сондай-ақ Жексенованы «әйел ретінде» қолдағанын айтып, полицейлердің тексеруі белгілі бір азаматтық арыздан кейін рәсімдік түрде басталған болуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салайық, 19 қарашада Астанада блогер Аида Жексенованы Тиматидің концертіне бойкот туралы жазбасына байланысты экстремизмге қарсы бөлімге шақырған болатын.
Мұның себебі – Қазақстандағы ресейлік концерттерді ұйымдастырушы Алексей Пучковтың арызы. Аида Жексенованың айтуынша, ол блогердің жазбасын ҚК-нің 174-бабы – «алауыздық қоздыру» құрамына жатады деп есептеген. Алайда блогердің сөзінше, оның жазбасында ұлтқа тіл тигізу де, агрессия да, өшпенділікке шақыру да болмаған.
