Астанада блогер Аида Жексенованы Тиматидің концертіне бойкот туралы жазбасына байланысты экстремизмге қарсы бөлімге шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұның себебі – Қазақстандағы ресейлік концерттерді ұйымдастырушы Алексей Пучковтың арызы. Аида Жексенованың айтуынша, ол блогердің жазбасын ҚК-нің 174-бабы – «алауыздық қоздыру» құрамына жатады деп есептеген. Алайда блогердің сөзінше, оның жазбасында ұлтқа тіл тигізу де, агрессия да, өшпенділікке шақыру да болмаған.
«Әңгіме тек Z-артистің концертіне билет алмауға шақыру туралы еді. Бұл – қалыпты саяси бойкот және Қазақстан Конституциясына қайшы келмейді.
Полиция бөлімінде Аидаға Катя Бивол мен Алика Мұхамадиева істерін мысал ретінде келтірген. Бірақ бұл жағдайларды салыстыруға келмейді: аталған екі істегі мәлімдемелерде тікелей этникалық астар болған, ал Жексенованың позициясы саяси сипатқа ие және 174-бапқа сәйкес келмейді», – деп жазылған оның Telegram-арнасында.
