Ардақтың Сөзі

Dalanews 09 нау. 2015 22:39 1024

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қамшы» сайты жариялаған мүшәйраға ақын Ардақ Нұрғазыұлы «Сөз» атты өлеңін ұсыныпты. Жарыстың шарты бойынша ең көп оқылған, көп пікір жинаған шығармаға әділқазылар басымдық бермек көрінеді. Ардақтың өлеңі көп оқылмапты,  талқыланбапты. Өз басым бұл өлеңді қайта-қайта оқыдым және, шынымды айтайын, тебірендім.

[caption id="attachment_9624" align="alignleft" width="249"]Ардақ Нұрғазыұлы Ақын Ардақ Нұрғазыұлы[/caption]

Мүшәйраның тақырыбы айтып тұрғандай, мұндай додаға мемлекеттік және ұлттық тарихты, өткен мен бүгінді салыстыра, арыдан қозғаған шығармалар қатысуы тиіс. Жарысқа қатысқан бір топ үміткердің қайсысы болса да, сол үдеге сай жырлар ұсыныпты. Олардың көбі тіке тақырыпты жырлаған. Ойлары ашық, ешқандай бас қатырып жатпайсың. Және нені сөз етпегін, нені арқау етпегін алдын ала болжайсың. Ішінде бірді-жарым толыққанды жырлар бар демесеңіз, көбі тарих оқулығындағы немесе ауызекі әңгімелердегі әсерлерді арқау етіп, үйреншікті әдіспен жырлап шығыпты. Ал Ардақтікі басқа, мүлдем басқа...

Егер дәстүрлі өлеңге үйір дәстүрлі ойлау жүйесіне салсақ, онда Ардақтың жыры «жыр» емес, сандыраққа ұқсас дүние. Мұндай жырды бұрын-соңды оқымаған біз үшін тіпті қиын. Мен де әлднеше рет оқып барып, не дегенін аңғарғандай болдым және онымның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қараймын... Өйткені, «Сөз» өлең ретінде қабат-қабат құпияларға толы.

Өлеңнің өзі бірден «империя» деген сөзден басталады. Мен үшін бірінші шумақ «тарих» деген анықтаманы беріп тұрғандай сезілді. Кешегі Кеңес одағы «алыстан көтерілген дауылдан» - біздің Желтоқсаннан қираған жоқ па? Бірақ біз оны қалай тез ұмттық? Ештеңе болмағандай «мерекеге» ұмтылдық. Сол алаңның бос қалғанына, мерекенің, бұрынғы мерекенің енді өтпейтіндігіне бойымызды үйрете алмадық... Сенбедік, сенгіміз келмеді. Екінші шумағында «шырмауық гүл» деген тіркес арқылы тағы да сол «тарихты» қазбалай түседі. «Қауашағын түнде ашқан күндер» – бодандық мезеттің бейресми, өнер тақырыбындағы суреті. Шырмауыққа маталған сананың көрінісі. Біз күнді түн дейтін, түнде күндіз туралы ойлайтын халге жеттік...

Үшінші шумақ өлеңнің беломыртқасы іспетті – жарық сәуле – бостандық туралы ұғым – «Сіріңкенің бір тал шырпысы» тұтанғанда, тарихымыздағы қара ноқатты анық көрдік, бірақ «қара мысық» - империядан қалған үрей ойымызды әлі кезіп жүр. «Өзенді кері айналып жүгіретініміз», бақытты «балалық шағымыз» туралы қиялдайтынымыз сондықтан. «Аққан жұлдыз» ұғымы қазақ үшін қайта оралмас күндер, ғайыпқа сіңу екенін білсек те, онымен жарысуға ұмтылатынымыз неліктен?

Төртінші шумақ осы ойлардың жиынтығы – мұның бәрі өңімізде көріп жүрген түс дерсіз – позитивті, оптимистік сарын бойына жинақталған; аспаннан жауған ақ қарға – шұғылалы үмітке, арманға толы дүниеге қол созу, еркіндікке шүкірлік ету.

Сөзіміздің басында айтқан нені ұмыта алмай жүргенімізді жыр соңында ақын қайтадан еске түсіреді: біз ұмытудың соңынан қуып барамыз. Нені ұмытқанымызды соңғы екі тармақта қайта әдіптейді. Империяның үрейлі шағын ұмыттық па, әлде өзіміздің жарқын тарихымызды – сөзімізді ұмыттық па? Біріншісін ұмытпаптық, екіншісін ұмытудың алдында тұрмыз... Қазақ сөзінің (ойының, арманының деп түсінсеңіз де болады) шуағы шеңбердің шегіне жетпей тұр. Сондықтан, серпіліс, аз-кем аялдау, жіті ойлану керек. Ұмытатын дүниені ұмытпай, ұмытпайтын дүниені ұмытқанымыз қалай?

Бұл өлең туралы аз-кем түйсінгеніміз. Мұндай өлеңнен көп дүниені табуға болады.

Ержан ТӨЛЕУБЕК


 

СӨЗ

Империядан қалған сарайдың төбесінде тұрған жалау тыныш

Сезеді алыстан дауыл көтерілгенін

Мерекеден кейінгі алаң қаңырап бос тұр

Тереңде жүзген адамның теңіз түбіне түскен көлеңкесі секілді

 

Шырмауық гүлдің сабағында дамылдаған күндер

Қауашағын түнде ашады

Өзенді кері бойлап жүгірген балалық шағым

Аққан жұлдыздармен жарысып барады

 

Сіріңкенің бір тал шрпысын тұтатқанда, Тарих,

Ақ қағаздың бетіндегі қара ноқат жарқ ете қалады

Із аңдыған қара мысық қараңғыда үнсіз тың-тыңдайды

 

Түсімді жұмарлап, ұсақтап жыртып

Аспанға шашып жібердім

Өмір бойы жатыққан бір күйді ақыры шертіп болып

Ақырғы рет шанақты қағып тоқтағандай

Шексіз биіктен қапалақтаған ақ жоңқа, ақ қарға

алақанымды тостым

 

Сөз

Табақтың шеңберін бойлап жүйіткіген құйын

Ұмытудың соңынан қуып барады

Сөз

Қараңғыда аз кідіре тұршы

Шуағың шеңбердің шегіне жетсін.

Ардақ Нұрғазұлы


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар