Жуырда Ақтөбеде бес бала Президент пен қазақстандықтардан көмек сұрап, видеоүндеу жариялаған еді. Балалардың айтуынша, анасы бір күннің ішінде мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылып, ал өздері орталыққа жіберілген. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, барлық деңгейде кешенді шара қабылдауды міндеттеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аппарат мәжілісінде Асхат Шахаров өткен аптада кәмелетке толмағандарға қатысты болған оқиғаларды атап өтіп, бұл жағдайларды терең зерделеп, жан-жақты талдау жүргізу қажет екенін айтқан.
Аймақ басшысы құзырлы органдарға объективті тергеу жүргізуді және кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуына әділ құқықтық баға беруді тапсырған. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шараларын күшейтіп, тиісті мекемелердің жауапкершілігін арттыруды талап еткен.
Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Ақтөбе қаласының әкімдігі отбасыны баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге тиіс.