Жаңа Қазақстан: Сенімге негізделген саясат пен белсенді азаматтық ұстаным

Асель Қайратқызы 22 қаз. 2025 16:39

Кез келген ұлттың тағдыры уақытпен бірге өзгеріп, тарихпен бірге қалыптасады. Заман көшіне ілескен ел ғана өз тәуелсіздігін баянды етіп, болашаққа нық қадам баса алады. Қазақстан бүгінде осындай шешуші кезеңнің бел ортасында тұр. Бүгінгі қазақ қоғамы - тек бейбіт күннің мұрагері ғана емес, сонымен қатар үлкен өзгерістердің, жаңғыру мен жаңарудың куәгері. Осы сәтте біздің еліміз де даму жолын қайта бағамдап, жаңаша қарқынмен алға ұмтылуда. Мемлекет пен халықтың арасындағы диалог тереңдеп, әр адамның үні естіліп келеді.

Осыған орай,Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Азия зерттеулері бөлімінің жетекшісі Құрмашев Айдар Кенжебекұлы елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың қазіргі бағытына қатысты өз пікірін білдіріп, мазмұны мен маңыздылығына жан-жақты тоқталып өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

- Қазақстандағы қазіргі мемлекеттік саясат бағытын қалай бағалайсыз?

- Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік саясаты тұрақты даму мен әлеуметтік әділеттілік идеяларын басшылыққа ала отырып қалыптасып келеді. Соңғы жылдардағы терең трансформациялардан кейін еліміз жүйелі әрі болжамды басқару моделіне көшіп, реформалар тек саяси өкілеттіктерді қайта бөлумен шектелмей, институттарды күшейтуге, адами капиталды дамытуға және мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталуда.

Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан стратегиялық жоспарлауға және ұзақ мерзімді болжауға негізделген даму жолын таңдаған мемлекетке айналуда.

Мемлекеттік саясаттағы басты назар- азаматтар үшін тең мүмкіндік тудыру мен қоғам мен билік арасындағы сенімді арттыру. Бүгінде саясат халықтың нақты сұранысына бейімделіп отыр, бұл- сот жүйесін реформалаудан, ашық деректерге қолжетімділік арттырудан, мемлекеттік қызметтегі кадрларды жаңартудан және өңірлік басқаруды күшейтуден айқын көрінеді.

Мұның барлығы елде жаңа басқару мәдениетінің- ашықтыққа, есеп беруге, кері байланыс пен прагматизмге негізделген мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Әділетті Қазақстан» реформасының мәні неде? Бұл бастама қандай негізгі бағыттарды қамтиды?

- «Әділетті Қазақстан» реформасы- қазіргі мемлекеттік саясаттың идеологиялық әрі институционалдық іргетасы болып табылады. Оның басты мақсаты- әрбір азаматтың табысқа жетуіне тең мүмкіндік беретін, ал мемлекеттік билігі қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін әділетті мемлекет қалыптастыру. Бұл тұжырымдама: саяси жаңғыруды, экономиканы әртараптандыруды әлеуметтік әділеттілікті нығайтуды бір арнада тоғыстырады. Тәжірибе жүзінде бұл: саяси жүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, ресурстарды бөлудің әділетті механизмдерін қайта қарауды, кәсіпкерлікті қолдауды, жеке меншікті қорғауды, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды білдіреді.

«Әділетті Қазақстан» - бұл билік, бизнес және қоғам арасындағы өзара қарым- қатынастың жаңа моделін қалыптастыруға жасалған талпыныс. Мұндағы басты өлшем- азаматтардың мемлекетке деген сенімі.

- Қазірдің өзінде іске асқан бастамалардың ішінен ең маңыздылары қайсысы?

- Іске асқан бастамалардың ішінде саяси жүйені институционалды тұрғыда қайта құруға бағытталған қадамдар ерекше маңызды болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер, Конституциялық соттың қайта құрылуы, аралас сайлау жүйесінің енгізілуі, сондай- ақ сот жүйесі мен жергілікті басқару саласындағы реформалар- мұның барлығы еліміздегі институттардың өкілдік, ашықтық және жауапкершілік деңгейін арттырды. Ал бұл өз кезегінде демократияны нығайтудың басты алғышарттарының бірі саналады.

Сонымен қатар, әлеуметтік- экономикалық бастамалар да айтарлықтай маңызға ие. Атап айтқанда, жаңа салық саясаты, білім беру жүйесін реформалау, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру сынды бағыттарда елеулі ілгерілеушілік байқалады.

Цифрлық шешімдердің арқасында азамат енді саясаттың «сыртында» емес, процестердің толыққанды қатысушысына айналып отыр. Бұл реформалар санға емес, сапаға негізделген өзгерістер кезеңіне аяқ басқанымызды көрсетеді.

-«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы нені білдіреді?

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» - бұл қоғаммен тұрақты диалогқа негізделген басқару философиясы. Бұл ұғым жай ғана ақпарат тарату емес, азаматтардың үнін шын мәнінде естіп, олардың сұраныстарына нақты әрекет ету дегенді білдіреді.

Мұндай тәсіл- биліктің бұйрық беруші әкімшілік рөлінен гөрі, серіктестік қатынасқа көшкенін көрсетеді. Мұнда басты назар бақылауға емес, азаматтарды мемлекеттік шешімдерге тартуға бағытталған.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»- бұл билік пен қоғам арасындағы өзара қарым- қатынастың жаңа форматы. Ол үш негізгі қағидатқа сүйенеді: ашықтық, есеп берушілік, кері байланыс. Осы механизмдер арқылы ғана сенімге негізделген қатынас қалыптасады.

- Бұл тұжырымдаманың тәжірибеде жүзеге асуында қандай ілгерілеушілікті байқайсыз?

- Бүгінде кері байланысты институционаландыру бағытында елеулі ілгерілеушілік байқалады. Қоғамдық кеңестердің құрылуы, «Е-Өтініш» бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі, азаматтық бастамаларға арналған түрлі платформалардың дамуы- мұның барлығы азамат пен мемлекет арасындағы байланысты ашық әрі өлшеуге болатын деңгейге көтерді.

Дегенмен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының орнығуы тек техникалық құралдарға емес, ең алдымен, диалог мәдениетіне, шенеуніктердің ашықтыққа дайын болуына және олардың кәсібилігіне тікелей байланысты.

Ең маңыздысы- қоғам пікірін сын ретінде емес, мемлекеттік саясатты жетілдіруге арналған құнды ресурс ретінде қабылдай білу. Сонда ғана ел мен билік арасындағы өзара сенім мен серіктестік артады.

- Мемлекеттік бастамаларда «Адал азамат» тұжырымдамасы қандай рөл атқарады?

- «Адал азамат» тұжырымдамасы - бұл қоғам өміріне белсене араласуды азаматтық парыз әрі табиғи норма ретінде қабылдайтын жауапты тұлғаны қалыптастыру идеясы.

Бұл бастама  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын толықтырып, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік теңгерімін сақтауға негіз болады. Яғни, әділетті мемлекет құру үшін белсенді, адал әрі саналы азаматсыз ол мүмкін емес.

Тәжірибе жүзінде бұл: азаматтық білім беруді дамыту, волонтерлікті қолдау, сайлауға адал қатысу мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық бастамаларға үн қосу секілді нақты әрекеттер арқылы көрініс табады.  

«Адал азамат» - бұл жаңа ойлау моделін қалыптастыруға бағытталған бастама, мұнда адалдық пен жауапкершілік ерекше қасиет емес, керісінше қалыпты өмір салтына айналуға тиіс.

- Соңғы жылдары Қазақстанның сайлау жүйесінде қандай өзгерістер болды?

- Сайлау жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды. Аралас сайлау моделі енгізілді, өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі кеңейді, партиялар үшін кедергілер азайтылды, ал сайлау барысын бақылау ашық әрі цифрлық сипатқа ие болды. Бұл өзгерістер сайлау бәсекелестігін арттырып, нәтижелерге деген сенімді күшейтті.

Сайлау реформасы азаматтар мен олардың өкілдері арасындағы байланысты да нығайтты. Бір мандатты округтерден сайланған депутаттардың тікелей есеп беруі Парламентті сайлаушыларға жақындата түсті. Қазақстан сенім мен азаматтық белсенділікке негізделген өзіне тән сайлау демократиясы моделін біртіндеп қалыптастырып келеді.

- Сайлау жүйесінде жастар мен жаңа саяси қозғалыстар қандай рөл атқарады?

-Жастар – жаңа саяси ойлаудың тасымалдаушысы болып отыр. Олар цифрлық құралдарды белсенді қолданады, сайлауды бақылауға, қоғамдық жобаларға қатысады, және өкілді билік органдарына сайлауға түсуге жиі талпынып жүр. Жастар үшін ұран емес, нақты нәтиже маңызды, бұл мазмұнды саясаттың дамуына түрткі болады.

Жаңа саяси қозғалыстар мен қоғамдық бастамалар саяси кеңістікті әртараптандырып отыр. Олар экология, әлеуметтік әділеттілік, цифрлық құқықтар сияқты жаңа тақырыптарды көтеруде. Бұл – саяси жүйені икемдірек әрі қоғамға жақынырақ ететін жаңару энергиясы.

- Реформалардың тұрақты болуы үшін мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникацияда не өзгеруі керек?

- Маңыздысы – екіжақты әрі мазмұнды коммуникацияны қамтамасыз ету. Мысалы, мемлекеттік органдар мен сарапшылар шешімдердің не себепті қабылданғанын, олар қандай нәтижелерге әкелетінін, және азаматтар бұл процестерге қалай қатыса алатынын түсіндіруі керек. Тек осындай жолмен сенім мен ортақтық сезімі қалыптасады.

Сонымен қатар, коммуникация саясаттың бір бөлігіне айналуы тиіс. Қоғаммен қарапайым әрі шынайы тілде сөйлесу, заманауи тәсілдерді қолдану қажет. Реформалар жоғарыдан таңылған өзгерістер емес, ортақ іс ретінде қабылданғанда ғана олар тұрақты әрі тиімді болады.

- Мемлекеттік саясатты жетілдіру жолындағы пайдалы пікірлеріңіз бен шынайы көзқарасыңыз үшін алғыс білдіреміз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар