Шығыс Қазақстандағы «Казцинк» кәсіпорнында болған жарылыстан кейін атмосфераға зиянды заттардың шығарылуы тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, оқиғадан кейін мамандар жедел түрде оқиға орнына барып, ауа сапасына өлшеу жұмыстарын бастаған. Зерттеу нәтижелері кейінірек жарияланады.
Министрліктің түсіндіруінше, жарылыс кәсіпорындағы шаң ұстау цехында болған. Бұл цех өндіріс барысында пайда болатын газдарды тазартумен айналысады және құрамындағы шаңды ұстап, оны қайтадан өндірістік процеске қайтару қызметін атқарады.
Кәсіпорын Қазцинк компаниясына тиесілі.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Қазцинк кәсіпорны аумағындағы шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан, кейбір жерлер ішінара опырылған. Салдарынан екі адам қаза тапты.
Қазір үйінділерді тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.