Еркін күрес турнирінде айтулы жетістікке қол жеткізген жас палуан Дуния Сибомана әлемдік спорт қауымдастығы мен жанкүйерлердің назарын өзіне аударды, деп хабарлайды dalanews.kz.
6 жасында Дуния Сибомана Конго Демократиялық Республикасындағы ұлттық саябақта ашулы шимпанзелер тобының шабуылына ұшырады. Осы оқиғадан кейін оның бетінің жартысы зақымданып, жанында болған ағасы мен немере ағасы көз жұмды.
Сибомана ауыр жарақат алды: екі ерні, құлағының бір бөлігі, саусағы зақымданып, бұлшықеттері жыртылды, бетінде ірі тыртықтар пайда болды. Осы жағдайдан кейін оған өз ауылдастары мүсіркей қарай бастады.
8 жасында Дуния АҚШ-қа қайырымдылық бағдарламасы аясында жеткізілді. Оған оннан астам күрделі ота жасалып, еріндері мен бұлшықеттері білегінен алынған тіндер арқылы қалпына келтірілді.
Оны асырап алған отбасы жас жеткіншектің еркін күреспен айналысуына жағдай жасады. Дуния жаттығуға бар күшін салып, спорттық шыңға жетуге тырысты. 13 жасында жасөспірім күрестен Нью-Йоркте өткен Нассау округінің чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ талантты спортшы таяуда Африка чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды: алдымен жастар арасында, кейін ересектер арасында қарсылас шақ келтірмеді.
Бүгінде Дуния Сибомана 18 жасқа толды. Қазіргі уақытта Сибомана спорттық мансабындағы керемет кезеңді басынан өткеруде. Ол өз жетістіктерін спорт қауымдастығының назарын аударған жеке өмірбаянымен байланыстыра отырып, өткен шақтағы қилы кезеңдерін ашық айта алады. Осылайша қиындыққа мойымай, ағысқа қарсы жүзе білген қаһарман кейіпкеріміз көпшілікке қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп жүр.