Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай ТМД елдері арасындағы ең жоғары біржолғы төлемдердің бірін тағайындамақ, деп хабарлайды dalanews.kz. Stan.kz-ке сілтеме жасап.
2026 жылы елімізде соғыс ардагерлеріне шамамен 5 млн теңгеге дейін біржолғы көмек беріледі. Бұл көрсеткіш өзге посткеңестік елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Мысалы, Украинада төлем көлемі 11 мыңнан 60,5 мың теңгеге дейін ғана болса, Беларусьта 715 мыңнан 825 мың теңгеге дейін белгіленген. Ресейде базалық төлем шамамен 55 мың теңге деңгейінде, өңірлік үстемақылармен бірге 440 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш Қазақстанға жақын – шамамен 4,4–4,5 млн теңге.
Өткен жылы, Жеңістің 80 жылдығына орай, төлем көлемдері арасында айтарлықтай айырмашылық байқалған. Қазақстанда ардагерлерге 5 млн теңге төленсе, Өзбекстанда шамамен 5,13 млн теңге беріліп, ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Басқа елдерде бұл сома әлдеқайда төмен болды. Мысалы, Тәжікстанда шамамен 1,18 млн теңге, Молдовада 848 мың теңге, Беларусьта 783 мың теңге, Әзербайжанда 750 мың теңге, Қырғызстанда 585 мың теңге көлемінде төленген. Ресейде төлем шамамен 500 мың теңге болып, ең төмен көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелді. Ал Грузияда ардагерлерге 384 мың теңге көлемінде көмек берілген.
Сарапшылар Қазақстандағы төлемнің жоғары болуын бірнеше фактормен түсіндіреді. Біріншіден, елдің экономикалық мүмкіндігі және әлеуметтік саясаттағы басымдықтары әсер етеді. Екіншіден, тірі қалған соғыс ардагерлерінің саны өте азайған, бұл әрбір ардагерге берілетін қолдауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 ақпанда Қазақстанда небәрі 69 соғыс ардагері қалған. Ал жалпы ардагерлер саны 76 мыңнан асады, оның ішінде тыл еңбеккерлері мен басқа да санаттағы азаматтар бар.
Жыл басынан бері осы санаттағы азаматтарға 1,5 млрд теңге төленген. Ал жыл соңына дейін ардагерлерді қолдауға республикалық бюджеттен 17,7 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, ай сайынғы арнайы мемлекеттік жәрдемақылар да төленеді. 2026 жылы оның мөлшері мынадай:
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері – 16 айлық есептік көрсеткіш немесе 69 200 теңге
- Соғыс салдарынан мүгедектікке теңестірілген тұлғалар – 7,55 айлық есептік көрсеткіш немесе 32 654 теңге
- Соғыс қатысушыларына теңестірілгендер – 6,19 айлық есептік көрсеткіш немесе 26 772 теңге
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқандар – 6,19 айлық есептік көрсеткіш немесе 26 772 теңге
- Бейбітшілік миссияларына қатысқан әскери қызметкерлер – 4,8 айлық есептік көрсеткіш немесе 20 760 теңге
- Тыл еңбеккерлері – 2,13 айлық есептік көрсеткіш немесе 9 212 теңге
Министрлік бұл төлемдердің барлығы республикалық бюджет есебінен толық көлемде қаржыландырылатынын атап өтті.
Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстанда Жеңіс күніне арналған әскери парадтар тұрақты түрде өткізілмей келеді. Билік бұл шешімді бюджет қаражатын үнемдеу және ресурстарды басқа маңызды бағыттарға бөлу қажеттілігімен түсіндіреді. Тек былтыр Астанада әскери парад ұйымдастырылып, оған шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалған.
«Бессмертный полк» акциясына ресми тыйым салынбағанымен, соңғы жылдары бұл шеру өткізілмей келеді. Әдетте бұл акция кезінде адамдар соғысқа қатысқан туыстарының суреттерін алып, көшеге шығады.
Қорғаныс министрлігі әскери парадтың орнына бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, ардагерлерге құрмет көрсету, концерттер, әскери оркестрлер шеруі, техника көрмелері және ашық есік күндері жоспарланған.
Осылайша, Қазақстанда Жеңіс күні әскери парадсыз өтсе де, ардагерлерге көрсетілетін қаржылай қолдау көлемі өңірдегі ең жоғары деңгейде қалып отыр және бұл елдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде бағаланып отыр.