Әлеуметтік желіде 8 мамырдан бастап жүргізушілер жылдамдықты 2 км/сағатқа асырғаны үшін айыппұл арқалайды деген ақпарат тарады. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, жылдамдықты асыруға қатысты жауапкершілік тәртібі өзгерген жоқ.
ІІМ түсіндіргендей, әкімшілік жауапкершілік бұрынғыдай тек жылдамдық белгіленген мөлшерден 10 км/сағ және одан жоғары асқан жағдайда ғана қарастырылады.
Ведомство өкілдері 8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық тек жолдағы камералардың жұмысына қатысты екенін атап өтті. Құжатта өлшеу құралдарының дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегі реттеледі. Яғни, бұл өзгеріс жүргізушілерге жаңа талап қоймайды және айыппұл салу шегіне әсер етпейді.
"Жылдамдықты 2 км/сағ асырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды", – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары жалған ақпаратты таратқан авторды анықтаған. Ол – Рудный қаласының тұрғыны. Сот шешімімен оған әкімшілік жауапкершілік жүктелген.
ІІМ азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.