Қазақстанның киберполициясы Ресейде бірнеше күдіктіні ұстады

Қаракөз Амантай 22 қаз. 2025 17:18

Қазақстанның киберполициясы Ресей аумағында арнайы операция жүргізіп, бірнеше тұлғаны ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

21 қазан күні ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментінің қызметкерлері Ресей ІІМ киберполиция басқармасымен бірлесіп, ұзақ уақыт жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Ресейдің үш өңірінде интернет-алаяқтарға арналған SIM-карталарды жеткізу және жаппай белсендіру арнасын ұйымдастырған тұлғаларды ұстады.

Бұл туралы ІІМ Киберқылмыспен күрес департаменті бастығының орынбасары Аслан Үскембаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, арнайы операция барысында 11 SIM-box құрылғысы, 3 ноутбук, 31 ұялы телефон, сондай-ақ 19 мыңнан астам қазақстандық және еуропалық SIM-карта тәркіленген.

"Тәркіленген ноутбуктерден пайдаланушылардың әрекет тарихы жазылған "лог-файлдар" табылды. Онда 2023 жылдың басынан бері белсендірілген қазақстандық және өзге операторлардың абоненттік нөмірлері тіркелген. Бұл нөмірлер кейін азаматтарға жалған қоңыраулар шалу арқылы алаяқтық жасауға қолданылған. Қазіргі таңда сол нөмірлердің нақты қылмыстық істерде пайдаланылғаны анықталды", – деді Үскембаев.

Арнайы операция нәтижесінде Ресей Федерациясының төрт азаматы ұсталды.

Қазіргі таңда тергеу және жедел шаралар жалғасып жатыр.

Үскембаевтың айтуынша, екі елдің құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатуға, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға және халықаралық киберқылмысқа елеулі соққы беруге мүмкіндік берген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар