Алматы облысында 5 мыңға жуық жалған стоматология қызметі анықталды

Қаракөз Амантай 05 нау. 2026 09:49

Алматы облысында тергеушілер 4 597 жалған стоматологиялық қызмет көрсету дерегін анықтады. Тергеу мәліметінше, ортодонтиялық көмек көрсетілді деп тіркелген көптеген қызмет шын мәнінде пациенттерге жасалмаған, тек құжат жүзінде рәсімделген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белгілі болғандай, жекеменшік стоматологиялық клиникалар желісінің директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасасқан. Келісімшарттардың жалпы құны 450 миллион теңгеден асады.

Алайда төлем алу мақсатында медициналық "Дамумед" жүйесіне шындыққа жанаспайтын деректер енгізіліп отырған. Онда науқастарға ем жүргізілді деген жалған мәліметтер тіркелген. Бұл үшін дәрігерлердің есептік жазбалары, сондай-ақ бұрын клиникаға жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.

Тергеу деректеріне сәйкес, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 66 миллион теңгені құрайды. Сот шешімімен күдіктінің 23 миллион теңге көлеміндегі банк шоттарына және 29 миллион теңге тұратын стоматологиялық жабдықтарға тыйым салынды.

Тергеу барысында күдікті 11 миллион теңгені қайтарып берген. Қазіргі уақытта ол үйқамақта отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove