Алматы қаласында нысаналы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жасырын фитозертхананың қызметі тоқтатылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арнайы операция есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен полицияның арнайы жасағының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.
Жалға алынған тұрғын үйде каннабис тобына жататын өсімдіктерді өсіруге арналған жарықтандыру және желдету жүйесімен жабдықталған арнайы термопалаткалар орнатылғаны анықталды. Тінту барысында есірткісі бар өсімдік бұталары, кептірілген өсімдік тектес зат, тұқымдар, электронды таразылар, орауға арналған материалдары, кептіру және өсіру құрал-жабдықтары, сондай-ақ ұлттық және шетел валютасындағы ақша қаражаты тәркіленді.
Заңсыз өндірісті ұйымдастырды деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті сот сараптамалары тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
