Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерге қатысты жаңа шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінде жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға арналған бірлескен бұйрыққа қол қойылған.
Министрдің сөзінше, құжат барлық 20 өңірдің әкімдіктерімен келісілген. Бұл – Қаржы министрі мен Оқу-ағарту министрі бекіткен бірлескен бұйрық.
«Бүгіннен бастап бұйрықты барлық 20 өңірдің әкімдігі өз деңгейінде тіркеуді бастайды. Қаржы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты болып саналады. Әкімдіктер бұл қаржыны Қаржы орталығына аударады. Ал Қаржы орталығы жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастырудың операторы болады», – деді ол.
Сүлейменованың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі өз тарапынан барлық нормативтік және ұйымдастырушылық жұмыстарды толық орындаған.
«Сондықтан қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты шешілмеген түйткілдер жоқ деуге болады. Бұйрыққа қол қойылды», – деді министр.
