Kazakhmys Smelting ұжымы 2026 жылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумға шығарылатын Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын қолдайтынын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Өндірісте әр бөлімше мен әр қызметкердің еңбегі қаншалықты маңызды болса, мемлекет деңгейінде де әр азаматтың ұстанымы елдің ортақ болашағын айқындайды. Тұрақты әрі қуатты Қазақстан заң үстемдігіне, әділдікке, адам құқығын құрметтеуге және қоғамдық келісімге негізделіп құрылады.
Кәсіпорын металлургтерінің айтуынша, жаңа Конституция жобасы еңбек адамына деген көзқарасты нақты деңгейде айқындайды.
«Біз үшін ең бастысы – қауіпсіз еңбек. Жұмысшының өмірі мен денсаулығы бәрінен жоғары тұруы тиіс. Әділ жалақы, кемсітушіліктің болмауы, тұрақты әлеуметтік қорғау және демалыс құқығы - бұл жай талап емес, бұл - нақты кепілдік болуы керек», – деп атап өтті өндіріс өкілдері.
Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуді және еңбек адамының мәртебесін арттыруды көздейді.
15 наурызда өтетін референдум – баршамыз үшін маңызды күн.
Балқаш мыс балқыту зауытының ұжымы оны елдің болашағына бағытталған жауапты таңдау деп санайды.
Еңбек адамы – елдің тірегі.
