Шымкентте қайғылы жағдай тіркелді. “Студенттік қалашық” шағынауданындағы көпқабатты үйдің үш пәтерінен төрт адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тұрғындар “Криминалный Казахстан” телеграм арнасына үйде бірнеше күн бойы газдың иісі сезілгенін жеткізген. Алайда бұл жағдайға байланысты нақты шаралар қабылданбаған.
“Алдымен 20 жастағы студент қыздың мәйіті табылған. Пәтер иесі үйді тексеруге келген кезде жуынатын бөлменің есігі ішінен жабық тұрғанын байқайды. Есікті ашқан кезде қыздың ванна ішінде жансыз жатқанын көреді. Осыдан кейін оқиға орнына полиция мен құтқарушылар шақырылған”, - дейді дереккөз.
Тексеру барысында құзырлы органдар подъездегі өзге пәтерлерді де аралап шыққан. Соның нәтижесінде тағы үш адамның мәйіті анықталды. Бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың, ал екінші қабаттағы пәтерлердің бірінен 23 жастағы жігіттің денесі табылған.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған оқиға бойынша адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
