15 наурызда өтетін референдум ел болашағы үшін маңызды қадам болмақ. Ұсынылып отырған өзгерістер тек саяси емес, экономикалық және әлеуметтік салаға да айтарлықтай әсер етпек. Осы орайда қаржы сарапшысы Айбар Олжай Dalanews.kz тілшісіне берген сұхбатында реформалардың негізгі артықшылықтарын бағамдап берді.
Кәсіпкерлердің үміті
Сарапшының айтуынша, рефенрендум нәтижесіне қатысты екі түрлі сценарий бар.
«Яғни, жаңа Конституция жобасы не қабылданады, не қабылданбайды. Жалпы, экономикалық орта жаңа Конституцияны қолдайды. Себебі онда жекеменшік құқығының мызғымастығы айқын көрсетілген. Жекеменшіктің ешкім тартып ала алмайтын базалық принцип екені нақты жазылған. Бұл – өз кәсібі мен мүлкі бар азаматтарға ең басты кепілдік, әрі нарыққа қатысушыларға еркін тыныстауға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Инвесторларға жол ашылады
Cонымен қатар құжатта жасанды интеллектіге қатысты негізгі тезистер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар көрініс тапқан.
«Сондықтан құжат қабылданған жағдайда бұл экономикалық орта үшін жағымды сигнал болмақ. Көптеген ұғым нақтыланып, осының негізінде жаңа либералдық, экономикалық ырықтандыруға бағытталған заңдарды қабылдауға мүмкіндік ашылады», – дейді Айбар Олжай.
Конституция – экономиканың іргетасы
Дегенмен ол Конституция мен экономикалық өсім арасында тікелей байланыс жоқ екенін атап өтті.
«Конституция – базалық құжат. Ол нақты экономикалық көрсеткіштерді немесе пайыздық өсімді бекітпейді. Оның міндеті – елдің іргелі құндылықтарын айқындау. Соның негізінде кейін қолданбалы заңдар мен нормативтік-қолданбалы актілер қабылданады. Міне, белгілі бір жанама тізбек арқылы нақты экономикалық әсер қалыптасады», – деп толықтырды ол.
Айбар Олжай жалпы өзгерістер инвесторлар мен олардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституция инвесторлар үшін анағұрлым тартымдырақ болады деуге негіз бар», – дейді ол.
Сондай-ақ ол Конституция нақты экономикалық көрсеткіштерді бекітпейтінін, құжат елдің базалық құндылықтарын айқындайтынын еске салды.
«Осы құндылықтар жарияланғаннан кейін олардың негізінде салалық заңдар жетілдіріледі», – деп қосты ол.
Сарапшының пікірінше, жаңа нормалар инвестициялық келісімшарттардың тұрақтылығына қосымша конституциялық тірек қалыптастыруы ықтимал. Бұдан бөлек, еркін экономикалық аймақтарды дамытуға да кеңірек мүмкіндік ашылуы мүмкін.
«Жаңа нормалар қабылданса, инвесторлар үшін «ертең мүлкімізді немесе зауытымызды тартып алады» деген қауіп сейіледі. Өйткені мұның бәрі Конституция деңгейінде бекітіледі, ал Конституцияға өзгеріс енгізу – өте күрделі процесс. Орнатылған ережелер ұзақ мерзімді әрі тұрақты болмақ. Бұл еркін экономикалық аймақтардың дамуына және елге жаңа капиталдың келуіне даңғыл жол ашады», – деп түйіндеді Айбар Олжай.
Референдум туралы не белгілі?
Айта кетейік, бұған дейін 15 наурыздағы референдуның негізгі кезеңдердің күнтізбесі нақтыланған еді.
Референдумға қатысты үгіт-насихат жұмыстары 12 ақпанда басталып, 14 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Жоспарға сәйкес:
21 ақпан – аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы, сондай-ақ референдум өтетін учаскелердің шекаралары туралы ақпарат жарияланады;
22 ақпан – дауыс берушілердің тізімдері референдум комиссияларына тапсырылады;
27 ақпан – 4 наурыз – азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны жөнінде хабарлау жүргізіледі;
12–14 наурыз – учаскелік референдум комиссияларына бюллетеньдер жеткізіледі;
14 наурыз – тыныштық күні;
15 наурыз – референдумда дауыс беру өтеді.
Қанша қаржы бөлінді?
Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумды ұйымдастыруға 20,8 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаражат үкіметтік резервтен бөлінбек. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдын ала смета аумақтық сайлау комиссияларынан түскен өтінімдер негізінде қалыптастырылған. Қазіргі таңда есеп-қисаптар Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тарапынан қаржылық талдаудан өтіп жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, қаражат референдум өткізуге қажетті ұйымдастырушылық шараларға, сайлау учаскелерін дайындауға, комиссия мүшелерінің еңбекақысына және техникалық қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Айта кетейік, Конституциялық өзгерістерді жалпыхалықтық дауыс беру арқылы қабылдау елдегі маңызды саяси науқан саналады. Ал бөлінетін қаражат көлемі қоғамда түрлі пікір тудырып отыр.
