Қасым-Жомарт Тоқаев The National Interest басылымына жарияланған мақаласында Қазақстанның жаңа Конституциясы елдің әділетті, қуатты және өркендеген мемлекетке айналуына негіз болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің айтуынша, жуырда өткен республикалық референдум ел дамуының жаңа кезеңін бастап берді. Бұл саяси науқан азаматтардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын және маңызды шешімдерге тікелей қатысуға дайын екенін көрсетті.
Мемлекет басшысы референдумға қатысу деңгейі жоғары болғанын атап өтіп, халықтың басым бөлігі Конституциялық реформаларды қолдағанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл – қоғамның әділетті әрі құқықтық мемлекет құруға деген сұранысының айқын дәлелі.
Тоқаев жаңа Ата заңның өзегінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаты тұрғанын айтты. Құжатта заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері айқындалған.
Сонымен қатар президент жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделгенін атап өтті. Бұл модель билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Мақалада экономикалық реформаларға да ерекше назар аударылған. Президенттің сөзінше, Конституцияда меншік құқығын қорғау күшейтіліп, инвестициялық ахуалды жақсартуға және инновацияны дамытуға жағдай жасалған. Бұл Қазақстанның халықаралық серіктестер алдындағы сенімін арттыра түседі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы алдағы уақытта Конституцияға енгізілетін өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатынын атап өтті. Бұл елдегі демократиялық үдерістерді одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Тоқаевтың пікірінше, жаңа Конституция Қазақстанның ұзақмерзімді дамуының берік іргетасына айналып, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
