Мемлекет басшысының Жарлығымен Есет Берікұлы Байкен Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Есет Берікұлы Байкен Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – делінген Ақорда хабарламасында.
Бұған дейін Ұлытау облысын басқарған Дастан Рыспеков әкім қызметінен босатылған еді. Ол бұл лауазымды 2024 жылғы қазаннан бері атқарып келген.
Есет Байкен кім?
Есет Байкен 1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
Ол Қазақ гуманитарлық заң университетін "Қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде "Құқықтану" мамандығын меңгерген.
Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бастаған.
Кейін елорда әкімінің аппаратында түрлі қызмет атқарып, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімді басқарды.
Есет Байкен Президент Әкімшілігінде сарапшы және мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеген.
2019 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
Одан кейін Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы болды. Сондай-ақ елорданың Сарыарқа ауданын басқарды.
2022 жылғы қыркүйектен бастап Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.