Белгілі журналист Ерқанат Көпжасар полицейлердің әрекетіне наразы болды

Көркем Алдабергенова 05 нау. 2026 09:30

Белгілі журналист Ерқанат Көпжасар полицейлердің әрекетіне наразы болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист полиция ең алдымен жазалаушы емес, халыққа қызмет көрсететін орган екенін атап өтті. 

"Бұл мемлекет басшысының ұдайы айтып келе жатқан ұстанымы. Бірақ іс жүзінде не көріп жатырмыз? Екі жағаұстатар жағдайды мысалға келтірейін. Алматы, Алматы облысының полиция департаментіне, керек десеңіздер, әкімдерінің назарына. Полиция қызметкерлері зейнет жасындағы әжеге көшеде ашытылған қырыққабат сатып тұрғаны үшін 25 мың теңге айыппұл салған. Өзі 75 мың теңге зейнетақы алады, оның 25 мыңын айыппұл төлесе, ар жағында 50 мыңға қалай күн көрмек? Дәл осы шешімді қабылдаған полицей, сіз неге сүйендіңіз? Бұл қаншалық әділ шешім? Заңның рухы қайда? Бәрі жақсы қоғам қалыптастырып, жақсы өмір сүрейік деп бәрі талпынып жүрген кезде, қоғамның жиіркенішін тудырудың қажеті қандай?", - дейді журналист. 

Журналист тағы бір мысалды келтірді. 

"Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына Моңғолиядан көпбалалы отбасы көшіп келген. Жұмысынан шығып, үйін сатып, төрт баласымен Есік қаласына көшіп келген. Сол ауылда жездесінің үйіне тіркеуге тұрған. Бірақ көпбалалы отбасы ол үйге сыймай, басқа жаққа барып тұрады. Әлгі отбасы тіркеуде тұрған үйге көші-қон полициясы келген. Ол адамдар сол үйде болмағандықтан үйдің иесін алып кетіп, төрт сағат тергеп, хаттама толтырып, сотқа берген. Сот үй иесіне айыппұл салып, қақаған қыста Моңғолиядан көшіп келген көпбалалы отбасыны депортациялау туралы шешім қабылдаған. Бес күннің ішінде Қазақстанда тастап кет деп отыр. Бұл әділетті шешім бе? Қазір сол отбасы көз жасы көл болып, не істерін білмей, бастары қатып отыр. Назарсыз қалдырмауларыңызды сұраймын", - дейді Ерқанат Көпжасар. 

Ол бұл үндеуін Алматы, Алматы облысы әкімдігі, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жолдаған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove