Қазақстанда мектептегі ТЖБ мен БЖБ сияқты бағалау жүйесіне қатысты пікірталас жиі көтеріліп келеді, деп хабарлайды Dala News.
Кейбір ата аналар мен мұғалімдер бұл форматты алып тастау керек деп санаса, сарапшылар мәселені ғылыми негізде қарастыру қажет екенін айтады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселеде шешім жеке пікірге емес, ғылыми зерттеулерге сүйенуі керек екенін атап өтті.
«Мен бұл мәселеге қатысты жеке пікір немесе комментарий бергім келмейді. Екіншіден, қабылданатын шешім ғылыми негізге сүйенуі керек. Мысалы, білім басқармасының басшысы солай ойлайды екен, министр солай ойлайды екен, депутат немесе мұғалім солай ойлайды екен деген ұстаныммен шешім қабылданбауы тиіс», - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, білім беру жүйесіндегі өзгерістер нақты зерттеулерге негізделуі қажет. Егер белгілі бір жүйенің тиімсіздігі ғылыми тұрғыдан дәлелденсе ғана өзгеріс енгізу орынды болады.
«Шешім міндетті түрде ғылыми зерттеулерге негізделуі керек. Егер нақты зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі белгілі бір жүйенің тиімсіз екенін дәлелдесе, онда сол зерттеулерге сәйкес тиімді шешім қабылдануы қажет. Бірақ ол ешкімнің жеке пікірі болмауы керек. Ол зерттеулерге негізделген нақты шешім болуы тиіс», - деп атап өтті Аймағамбетов.
Сонымен қатар Аймағамбетов ТЖБ мен БЖБ форматы халықаралық тәжірибеде кең таралғанын да атап өтті. Оның сөзінше, бұл жүйе мазмұны жағынан бұрыннан қолданылып келе жатқан бақылау жұмыстарының бір түрі.
«Ал көптен бері көтеріліп жүрген ТЖБ сияқты мәселелерге келсек, бұл әлемде кеңінен қолданылып отыр. Шын мәнінде, оның ерекше жаңалығы жоқ. Аты ғана өзгергенімен, мазмұны бұрыннан бар бақылау жұмыстарына ұқсайды. Мысалы, эссе форматындағы тапсырмалар, диктант немесе басқа да бақылау жұмыстары форматында өткізіледі», - деп қорытындылады депутат.
Депутаттың пікірінше, бұл мәселемен тиісті салалық құрылымдар кәсіби тұрғыда айналысуы керек.
