Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты шамамен 5 мың қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, елге қайтарылуы мүмкін азаматтардың жалпы саны шамамен 5 мың адамды құрайды, алайда бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.
"Бүгін алғашқы эвакуациялық FlyDubai рейсі ұшты. Сонымен қатар Дубайдан біздің азаматтар отырған автобустардың алғашқы легі жолға шықты. Күн соңына дейін Сұлтан Оманнан Қазақстанға 467 азаматты жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Бакаев.
СІМ өкілінің мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жапқандықтан, көптеген әуе компаниялары рейстерді кейінге шегерді. Дегенмен өз тасымалдаушыларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға рұқсат берілген.
"Кешегі рейс FlyDubai компаниясының шешімімен жүзеге асты. Ол бұрын билет сатып алған, бірақ 28 ақпан, 1 және 2 наурыз күндері ұша алмаған Қазақстан азаматтарына арналды", - деп түсіндірді вице-министр.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазір бірқатар қазақстандық транзит аймақтарында билетсіз қалып отыр. Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар аумағында тұрып жатқан азаматтар да бар.
