Алматыдағы қоғамдық ұйым құмар ойынның мәселені зерттеуді бастады

Dalanews 22 мам. 2023 06:53 885

Алматыда құмар ойындарға тәуелділік мәселесін зерттеу басталады. Бұл іске қаладағы қоғамдық ұйымдардың белсене қатысуда. Осы мәселеге қатысты  Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Хақ Назар» қорының төрағасы Нұржан Жақыпов құмар адамдардың құмар ойындарға қалай тап болатыны жайында айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Хақ Назар» қоры «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен» бірлесіп, республика бойынша ауқымды зерттеу жүргізіп, құмар ойындарға тәуелділердің санын анықтамақшы.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ауру картасына кіргенімен, құмар ойындарға тәуелділікке қатысты Қазақстанда ешқандай статистика жүргізілмейді.

Жыл соңына дейін біз зерттеуімізді аяқтауды жоспарлап отырмыз, онда елдегі лудомандар санын, олардың психотипін, ең бастысы аурудың себептерін көргіміз келеді. Бізде бұл мәселені шешудің нақты жолдары, соған сәйкес ұсыныстар да бар, – деп атап өтті спикер.

Қоғам белсендісінің айтуынша, құмар ойындарға тәуелділік әлеуметтік қана емес, экономикалық салдары да бар мәселе. Мәселе зардабына көп жағдайда лудомандардың жақындары шалдығады. Мысалы, ата-анасы, жұбайы, туыстары қарызды жабу үшін несие алады.


Осыған байланысты қоғам қайраткерлері букмекерлік кеңселерді де жауапқа тартуға шақырады. Мәселен, олар жеке тұлғалардың және олардың шоттарының есебін жүргізуі керек, әрі ол жөнінде лудомандардың туыстары мен достарына хабарлауы керек. Ал букмекерлік кеңселерді жабу туралы ұсыныстар мәселені шешпейді, дейді маман.

– Бізде орташа қарыз туралы ақпарат жоқ. Қазір құмар ойындардың елдің экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатына қаншалықты нұқсан келтіретіні туралы нақты ақпарат жоқ.

Сонымен қатар, құмар ойындарға тәуелділік емі жоқ ауру екенін атап өткім келеді. Бұл отбасылық экожүйенің ауруы. Біз не ұсынамыз? Қазақстанда букмекерлік кеңселер қауымдастығы бар.

Әрбір букмекерлік кеңседе ойыншылар туралы мәліметтер базасы бар. Олар қанша ақша салды, қанша жоғалтты деген мәліметті жақсы біледі. Белгілі бір соманы алайық, үш орташа жалақы, мысалы, 700 мың теңге делік. Егер адам 700 мың теңгеге ұтылатын болса, онда біздің ойымызша, букмекерлік кеңсе отбасы мүшелеріне бұл туралы хабарлап, қарсы еместігіне көз жеткізіп, олардың рұқсатын нотариалды түрде куәландыруы тиіс, – дейді Н Жақыпов.


Бұл ретте қоғамдық белсенділер көптеген елде тараған «салауатты құмар ойындар» тәжірибесін және құмар ойындарға бейім емес кәсіби ойыншыларды тіркеуді де ұсынады.

Маман құмар ойынның соңына түскендерді оңалту мәселесінде де өзекті мәселелер барын атап өтті. Емдеудің көп бөлігін жеке орталықтар жүзеге асырады, онда халықтың басым бөлігі үшін баға өте жоғары.

– Қазақстанда жекеменшік оңалту орталықтары көп, дегенменде олар кадрлық біліктілік, кейбір санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бойынша заманауи талаптарға сай келе бермейді. Ең бастысы, мұндай орталықтарды көбіне біліктілігі жоқ мамандар басқарады, олар көбінесе сондай орталықтардың бұрынғы емделушілері. Мұндай орталықта тұру айына 500 мың теңге тұрады. Емдеудің орташа курсы алты ай. Нәтижесінде бір курс үш миллион тұрады. Мұндай орталықтардың қызметін ешкім қадағаламайды, реттемейді, – деді Н. Жақыпов.

Қорытындылай келе, спикер құмар ойынға тәуелділіктің ерте алдын алу бойынша ұсынысымен бөлісті. Оның сөзінше, тәуелді мінез-құлық формалары бала бес-алты жаста болғанында қалыптасады, осыған байланысты ата-аналарды осы уақытта балалардың мінез-құлқына ерекше назар аударуға шақырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар