Алматыда ертең сирена қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
25 ақпанда сағат 11:00-де "Көктем 2026" республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеріс жүргізіледі.
Тексеріс барысында "Барлығыңыздың назарыңызға!" дабыл сигналы бойынша қала аумағында сиреналар аз уақытқа қосылады.
"Бұл - жоспарлы оқу-жаттығу. "Барлығыңыздың назарыңызға!" сигналы - төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту белгісі", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Сигналды естіген жағдайда:
- теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосу;
- ресми интернет ресурстар мен мобильді қосымшалардағы ақпаратты тексеру;
- берілетін ақпаратпен және одан әрі әрекет ету жөніндегі нұсқаумен мұқият танысу қажет.
25-26 ақпанда Алматыда "Көктем 2026" республикалық оқу-жаттығуы өтеді. Оқу-жаттығу аясында қаланың әр ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазарту бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
