Қызылордада қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің Қызылорда облысындағы егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде суды аз қажет ететін дақылдарға көшуде. Үкімет отырысында суды ұтымды пайдалану жөніндегі шаралар туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндады.
Оның айтуынша биыл Қызылорда облысында барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Күріш дақылдары 70 мың гектарға егіледі, бұл өткен жылғы деңгейден 10,9 мың гектарға аз. Жалпы соңғы 4 жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды.
Қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Бұл бағытта өңірімізде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты», құны 51 млрд теңгеге швейцариялық «Харвест Груп» компаниясының техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасы, су үнемдеу технологиясымен жүгері егу жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарлануда, - деді өңір әкімі.
