Жақында жүргізілген зерттеуге қатысқан қазақстандық компаниялардың 85%-ы қазірдің өзінде жасанды интеллект (ЖИ) мамандарына сұраныс бар екенін атап өтті. Респонденттердің 96%-ы мұндай қажеттілік алдағы 2–3 жылда міндетті түрде туындайтынына сенімді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл зерттеуді Qazaq Expert Club-тың HR саласындағы сарапшысы Арман Шоқпаров бастамашылық етті. Ол ЖИ құралдарын бизнес-процестерге енгізу қажеттілігін анықтау мақсатында түрлі компаниялардың 78 өкілін зерттеуге тартқан.
"ЖИ бізді алмастыра ма?" деген сұрақ былтырдан бері жиі қойылып жүр. Мен оған жауап табу үшін сауалнама жүргіздім. Респонденттердің 60%-ы - жергілікті жеке компаниялардың топ-менеджерлері, 10%-ы - шетелдік ұйымдар, ал 8%-ы - мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылым өкілдері. Сонымен қатар, қатысушылардың 70%-ы Алматыда, 20%-ы Астанада және 10%-ы басқа қалаларда орналасқан", - дейді Арман.
Оның айтуынша, алдыңғы қатарлы ұйымдарда ЖИ барлық дерлік процестерде қолданылады: нейрожеліге қарапайым сұрау жіберуден бастап, компьютерлік көру технологиялары арқылы қызметкерлерге төнуі мүмкін қауіптерді анықтауға дейін. Сонымен қатар, компания өкілдерінің ешқайсысы ЖИ негізіндегі технологияларды енгізгеннен кейін қызметкерлерді қысқарту туралы айтпаған.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, компаниялар ЖИ-ді келесі бағыттарда қолданады: рутиналық процестерді автоматтандыру - 74%, мәтін өңдеу - 65%, шешім қабылдауды интеллектуалды қолдау — 55%, дыбыс өңдеу - 44%, визуалды деректерді өңдеу - 40% және т.б.
Ал жақын болашақта сауалнамаға қатысушылар ЖИ-ді мына бағыттарда көбірек интеграциялауды жоспарлап отыр: бағдарламалық жасақтама әзірлеу - 70%, маркетинг және сату - 52%, HR - 49%, қаржы және бухгалтерия - 39% және т.б.
Сарапшының айтуынша, респонденттердің басым бөлігі бизнес ЖИ-ді джундардың (жас мамандардың) міндеттерін орындау үшін пайдаланып отырғанын айтқан. Сондықтан компаниялар олардың қызметіне бұрынғыдай мұқтаж емес, керісінше тәжірибелі мамандарды іздеуге көбірек көңіл бөлуде. Сарапшылардың болжамынша, ЖИ бағытындағы классикалық джундар саны нарықта азаяды: олар жоғары оқу орындарында немесе білім беру жүйесінде ұзағырақ оқып, еңбек нарығына тәжірибелік тұрғыда жақсырақ дайындықпен шығатын болады.
Сондай-ақ компаниялардың 38%-ы қызметкерлерін ішкі ресурстар арқылы оқытады, ал тек 22%-ы үшінші тарап мамандарын тартады. Респонденттердің 26%-ы қызметкерлер нейрожелілерді өз бетінше меңгеруі тиіс екенін айтқан. Дегенмен, 45% компания ЖИ дағдылары бар мамандарды белсенді түрде іздеп, жұмысқа қабылдап жатқанын мәлімдеген.
"Сауалнамаға қатысқандардың 11%-ы биыл 20-дан астам ЖИ маманын жұмысқа алады, 19%-ы 10-нан 20-ға дейін адамды қабылдайды, 40%-ы 10-нан аз ЖИ-талантқа жұмыс ұсынуға дайын, ал қалғандары әзірге нақты қадам жасаған жоқ. Алайда бұл - уақыт мәселесі ғана, шамамен 1–2 жыл", - деп түйіндеді Арман.
