Ұлыбритания үкіметі Ресейге қарсы ең ірі санкциялық пакет енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ресми ақпарат Ұлыбритания үкіметінің сайтында жарияланды. Жаңа шектеулер Ресейдің мұнайдан түсетін табысына тікелей соққы бергені атап өтілген. Мәліметке сәйкес, ресейлік мұнай кірістері 2020 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Негізгі соққы – мұнай экспортына
Санкциялар пакетіндегі басты нысана ретінде Транснефть аталды. Дәл осы компания арқылы Ресей мұнай экспортының 80 пайыздан астамы өтеді.
Сондай-ақ санкция тізіміне Росатом құрылымдары, оның ішінде Русатом Оверсиз, Газпром СПГ Портовая енгізілді.
«Көлеңкелі флот» пен танкерлер
Жаңа шектеулер аясында әлемдегі ең ірі «көлеңкелі флот» операторларының бірі саналатын 2Rivers желісіне қатысы бар 175 компания санкцияға ілікті. Сонымен қатар Ресей мұнайын санкцияларды айналып өтіп тасымалдауға қатысқан 48 танкер «қара тізімге» енгізілді.
Банк секторына да соққы тиді
Санкциялар Ресейдің банк секторын да қамтыды. Шектеулер мына қаржы ұйымдарына қолданылды:
Почта Банк,
Точка Банк,
Транскапиталбанк,
Абсолют Банк,
Синара Банк,
Аверс Банк,
Ланта-Банк,
Фора Банк,
Ак Барс Банк.
Шетелдік компаниялар мен БАҚ
Сонымен қатар санкция тізіміне Қытай, Үндістан, Тайланд және Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген бірқатар компаниялар енгізілді.
Бұдан бөлек, Грузиядағы Imedi және POSTV телеарналарына да шектеу қойылды.
Ұлыбритания билігі бұл санкциялар Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндігін әлсіретіп, әсіресе мұнай мен қаржы секторындағы ресурстарын шектеуді көздейтінін атап өтті.
