Маңғыстауда ҰҚК-нің бұрынғы басшысы 11 жылға сотталды

Самал Асқар 24 ақп. 2026 13:42

Маңғыстау облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Денис Анкудинов пен «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ авиациялық қауіпсіздік аудиторы Константин Алферовке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Dala News.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот екеуін де аса ірі көлемде бопсалау жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Анкудиновке қосымша қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.

Сот материалдарына сәйкес, 2023 жылдың тамызында Анкудинов Маңғыстау облысындағы кәсіпкерден 500 мың доллар талап ету схемасын ұйымдастырған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол бұл іске Алферовті тартқан. Қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсіпкер мен оның жақындары туралы жеке және кәсіби мәліметтер жиналған.

Кейін кәсіпкерге компромат салынған конверт жіберіліп, артынша 500 мың доллар беру талабы қойылған. Фотосуреттердің бірінің артында «500 000» деген жазу болғаны сотта айтылды.

Кәсіпкер кездесуге келіскенімен, күдіктілерге 500 мың теңге ғана берген. Ақша берілген сәтте екеуі де ұсталған.

Сот үкімімен Анкудинов 11 жылға, ал Алферов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталғандардан жәбірленушінің пайдасына 1 млн теңге моральдық өтемақы және шамамен 3 млн теңге сот шығындары өндірілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove