Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы "Российская газета" ФҚҚ материалдарына сүйеніп жазған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басылымның мәліметінше, тексеру Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі - террористік қызметке жәрдемдесу күдігі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында өтіп жатыр.
Материалда 2022 жылдан бері Telegram қолданылған қылмыстар саны 153 мыңнан асқаны айтылған. Соның шамамен 33 мыңы диверсиялық-террористік және экстремистік әрекеттермен байланысты деп көрсетіледі. Олардың ішінде жарылыс ұйымдастыру, өрт қою және шабуыл жасау фактілері бар.
Сондай-ақ ФҚҚ осы кезеңде мессенджер арқылы дайындалған 475 терактінің алдын алғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, "Крокус Сити Холлдағы" терактіні ұйымдастырғандар да әрекеттерін Telegram арқылы үйлестіргені аталып өткен.
Басылымның жазуынша, ресейлік әскери тілшілер мен әскери қызметкерлерге қарсы қастандық дайындаған тұлғалар ықтимал құрбандардың туыстары, жүріп-тұру бағыттары мен күн тәртібі туралы мәлімет жинауда да сервис мүмкіндіктерін пайдаланған.
Сонымен бірге мақалада Telegram командасы Роскомнадзордың заңсыз контентті жою туралы 150 мыңнан астам талабына жауап бермегені туралы уәж келтірілген.
Бұған дейін ресейлік әскери сарапшы Павел Дуровты Киевке кейбір құпия деректердің жетуіне қатысы болуы мүмкін деп айыптағаны да айтылды.
