Алматыда жылу құбыры жарылып, үйлерді қайнаған су басты: төрт адамды күйік шалды

Сағыныш Сардарова 24 ақп. 2026 10:57

Алматының шетінде демалыс күндері ірі коммуналдық апат болды. Түнде жылу құбыры жарылып, қайнаған су жекеменшік секторға жайылған. Ыстық су аулаларды басып, тұрғын үйлердің ішіне дейін кірген, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.

Салдарынан төрт адамды күйік шалған, олардың үшеуі ауруханаға жатқызылған. Құтқару қызметінің мамандары тұрғындарды эвакуациялаған, өйткені ғимараттардың құлау қаупі туындаған. Су іргетасты шайып, қабырғаларда жарықтар пайда болған.

Тұрғындардың айтуынша, олар түн ішінде қатты шудан оянған. Олар қарттар мен балаларды құтқару үшін ыстық судың арасымен шығуға мәжбүр болған. Кейбірінің аяғы күйіп қалған.

Жергілікті халық мұндай жағдай кейінгі жылдары екінші рет қайталанып отырғанын айтады. Олардың сөзінше, 2020 жылы құбырлар ішінара ғана ауыстырылған, ал тозығы жеткен желілер әлі де істен шығып жатыр.

"Алматы жылу желілері" ЖШС мәліметінше, диаметрі 800 мм құбыр зақымданған. Апат ошағы оқшауланып, жөндеу жұмыстары шамамен бес сағатқа созылған. Компания өкілдері үйлерді аралап, келген шығынды тіркеген. Қазір залал көлемі бағаланып жатыр, кейін өтемақы мөлшері анықталады.

Алайда тұрғындар апат қайталануынан қауіптеніп, 55 жылдан аса уақыт пайдаланылған жылу желілерін толық ауыстыруды талап етіп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove