Аукцион арқылы мүлік алу: нені білу керек?

Қаракөз Амантай 24 ақп. 2026 10:01

Қазақстанда мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді кез келген азамат аукцион арқылы сатып ала алады. Бұл туралы "Қаржылық сауат" телеграм арнасының сауалына "Қайтарылған активтерді басқару компаниясының" баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дереккөз таратқан ақпаратқа сүйенсек, компания - ҚР Үкіметі жалғыз құрылтайшысы болып табылатын коммерциялық ұйым. Ол мемлекетке заңды түрде қайтарылған жылжымалы және жылжымайтын мүлікті қабылдап, кейін аукцион арқылы сатады. Сатудан түскен қаржы Арнаулы мемлекеттік қорға аударылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады.

Аукцион қайда өтеді?

Сауда-саттық e-qazyna.kz мемлекеттік электрондық платформасында жүргізіледі. Қолында электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін сайтта тіркеліп, жеке деректерін (аты-жөні, ЖСН, банк және байланыс мәліметтері) енгізу қажет.

Кепілдік жарна қанша?

Аукционға қатысу үшін кепілдік жарна төленеді. Оның мөлшері активтің бастапқы бағасына байланысты:

  • бастапқы бағасы 500 АЕК-тен төмен активтер үшін - 15%;
  • 500 АЕК және одан жоғары активтер үшін - 10%.

Егер қатысушы жеңімпаз атанса, төленген жарна мүлік құнының есебіне қосылады. Ал жеңімпаз анықталмаса, қаражат толық қайтарылады. Бірақ сатып алудан бас тартқан немесе төлемді уақытында жүргізбеген қатысушының кепілдік жарнасы қайтарылмайды.

Мүлік арзанға түсе ме?

Әдетте активтің бастапқы бағасын тәуелсіз бағалаушылар белгілейді, сондықтан ол нарықтық құнға жақын болады. Алайда мүлік алғашқы саудада өтпесе, екінші айналымда бағасы 15%-ға төмендейді. Егер тағы сатылмаса, үшінші кезеңде құн бірден 30%-ға дейін арзандауы мүмкін.

Мысал

Компания мәліметінше, Алматыдағы «Байтақ» шағын ауданындағы жер учаскесі аукционға 176 млн теңгемен шығарылған. Қызу сауда барысында оның бағасы 657 млн теңгеге дейін өсіп, жеңімпаз активті бастапқы құнынан төрт есе қымбатқа сатып алған.

Мүлік қашан рәсімделеді?

Аукцион қорытындысы сол күні хаттамамен бекітіледі. Сатып алу-сату шарты 10 күн ішінде онлайн жасалады. Ал сатып алушы келісімшартқа қол қойған күннен бастап 30 күн ішінде толық төлем жүргізуі тиіс. Қаражат толық түскен соң мүлік жаңа иесінің меншігіне өтеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove