Қашаған кен орнын игеруге қатысатын халықаралық компаниялар Қазақстанға қарсы арбитраж рәсімін бастауға ниетті. Бұл туралы Shell компаниясының өкілі мәлімдеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Nege.Aqsha телеграм арнасының мәліметінше, даудың туындауына күкіртті сақтау талаптарына қатысты салынған $5 млрд көлеміндегі экологиялық айыппұл себеп болған. Өткен желтоқсанда Астанадағы сот Қашаған консорциумының апелляциялық шағымын кері қайтарғаннан кейін, шетелдік акционерлер халықаралық төрелікке жүгіну туралы шешім қабылдаған.
Shell өкілінің айтуынша, компаниялар өздеріне тағылған айыптармен келіспейді және мәселені келіссөз арқылы шешуге талпынған. Алайда бұл әрекеттер нәтиже бермеген соң, олар халықаралық келісімдер негізінде арбитраж бастауға мәжбүр болған.
Сонымен қатар дереккөздің мәліметінше, Қазақстан үкіметі де Қашағанға жақын орналасқан игерілмеген Ақтоты мен Қайран учаскелері бойынша жеке арбитраж процесін бастамақ. Ресми Астана бұл кен орындарын мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр.
