Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының мәліметінше, қазақстандық мемлекеттік аудиторлар Әзербайжан Республикасының Есеп палатасының 2025 қаржы жылына арналған қаржылық есептілігіне аудит жүргізіп жатыр. Бұл келісім екі елдің жоғары аудит органдары басшыларының 2024–2025 жылдардағы өзара кездесулері мен сапарларының нәтижесінде жасалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай өзара аудит жүргізу тәжірибесі халықаралық стандарттарға сай келеді және әлемдік практикада кеңінен қолданылады. Тексерістің басты мақсаты - Әзербайжан Есеп палатасының қаржылық есептілігінің халықаралық бухгалтерлік есеп пен аудит талаптарына сәйкестігін бағалау.
Аудит барысында мамандар нормативтік-құқықтық базаны және қаржылық құжаттарды алдын ала талдап, ішкі бақылау жүйесіне баға берді. Сондай-ақ қаржылық есептің толықтығы мен дұрыстығы тексеріліп, жауапты лауазымды тұлғалармен сұхбаттар өткізілді.
Аудиттің көшпелі кезеңі 2026 жылғы 17–20 ақпан аралығында Баку қаласында өтті. Қазақстан делегациясын Әзербайжан Есеп палатасының төрағасы Вюгар Гюльмамедов қарсы алып, тараптар арасында жұмыс кездесулері ұйымдастырылды.
Тексеру қорытындысы бойынша аудиторлық есеп дайындалып, онда қаржылық есептің дұрыстығына баға беріліп, қаржылық басқару мен ішкі бақылауды жетілдіруге қатысты ұсынымдар ұсынылады. Сонымен бірге Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдары алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
