Қазақстанда өтетін Конституция жөніндегі референдумға Ресей Федерациясының өкілдері байқаушы ретінде шақырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман ресейлік әріптестер тарапынан қызығушылық бар екенін айтты.
"Біз әріптестерімізге шақыру жолдадық. Әзірге ресми жауап түскен жоқ, бірақ қызығушылық бар", – деді ол.
Бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Мәскеу Қазақстандағы конституциялық өзгерістерді қызығушылықпен бақылап отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Ресей әдетте республикада өтетін дауыс беру рәсімдеріне байқаушылар жіберіп отырады және алдағы референдум да бұл тұрғыда ерекшелік болмауы тиіс.
Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Ерлан Әлімбаев референдумға байқаушы ретінде ЕҚЫҰ миссиясы да шақырылғанын еске салды. Алайда олардың қатысуына қатысты әзірге ресми шешім қабылданбаған.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум 15 наурызға белгіленген.
