Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі уран өндіруге арналған типтік келісімшартты бекіту туралы бұйрық жобасын "Ашық НҚА" порталында жариялап, оны 2026 жылғы 6 наурызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ФБРК телеграм арнасының мәліметінше, жоба стратегиялық маңызы бар уран саласындағы келісімшарт талаптарын біріздендіруге және жаңа келісімдер үшін міндетті нормаларды бекітуге бағытталған. Құжат жер қойнауын пайдаланушының құқықтық мәртебесін, келісім мерзімін және кен орындарының шекарасын реттейді.
Ең маңызды жаңалық - міндетті аударымдардың енгізілуі. Ұсыныс бойынша, өндіру шығындарының 1%-ы қазақстандық кадрларды даярлауға, 1%-ы ғылыми-зерттеу және цифрландыруға, тағы 1%-ы өндіріс жүретін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталуы тиіс. Бұл талаптарды барлық жаңа келісімшарттар үшін міндетті ету көзделіп отыр.
Сонымен қатар құжатта жергілікті қамтуды күшейту нормалары қарастырылған. Яғни компаниялар қазақстандық мамандарды көбірек тартуға және отандық тауарлар мен қызметтерді басым пайдалануға міндеттелуі мүмкін.
Жоба экологиялық және радиациялық қауіпсіздік талаптарын да нақтылайды. Онда жұмыстар аяқталған соң кен орындарын консервациялау және өндіру салдарын жою міндеті компаниялардың есебінен орындалуы тиіс екені көрсетілген.
Бұдан бөлек, келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда материалдық жауапкершілік күшейтіледі. Айыппұлдар АЕК-пен немесе орындалмаған міндеттеме сомасының пайызымен есептелмек. Ал жүйелі бұзушылықтар анықталса, келісімшартты бұзу тетігі қарастырылған.
Құжат қазір онлайн талқылауда. Сарапшылар мен бизнес өкілдері өз ұсыныстарын 6 наурызға дейін жолдай алады.
