Енді ел азаматтары АҚШ-қа тікелей рейспен ұша алады Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Мәжіліс Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, екі ел арасында келісімге 2019 жылы 30 желтоқсанда қол қойылған. Келісімнің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Америка арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құру. Келісім аясында тараптар әуе компаниялары, пункттер мен рейстер саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалы үшін «әуе еркіндігінің» 5 деңгейімен шектеусіз ұша алады.
– Бұл – ел тарихындағы алғашқы «ашық аспан» режиміндегі келісім. Яғни, кез келген отандық әуе компания үшінші елдерге жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен Қазақстанның кез келген қаласынан Америка Құрама Штаттарының кез келген қаласына жолаушылар тасымалын, сондай-ақ АҚШ пункттері мен АҚШ-тан тыс кез келген пункттер арасында жүк тасымалын орындай алады, – деді Бейбіт Атамқұлов мәжілістің жалпы отырысында.
Әуе рейстерінің санына шектеу қойылмайды. Заң жобасы Қазақстан тарапынан қосымша бюджеттік шығындар мен міндеттемелерге алып келмейді, деп атап өтті министр. Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
АҚШ-қа ұшатын тікелей рейсті жүзеге асыру үшін Қазақстан алыс магистральды Boeing сатып алмақ. Индустрия министрлігі оған мемлекет бір тиын да жұмсамайтынын алға тартты. Ақшаны отандық әуе компаниялары шығаруы тиіс.
– Boeing 787, бұл Boeing Dreamliner тұрақты рейстер жасай алатын әуе кемесі. 2020-2021 жылға іс жүзінде ұшақ лизингі мәселесін тоқтаттық. Өйткені пандемия кесірін тигізді. Бүгінгі күні келісім ратификацияланғаннан кейін Boeing-787-нің лизинг компанияларында келіссөздер қайта басталады. Мұны біз ақпан, наурыз айына жоспарлап отырмыз, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Бүгінде Америкаға Қазақстаннан жету оңай емес. Атлант мұхиты арқылы Еуропаға жетіп, сосын діттеген жерге жетуге болады. Ал жаңа рейстерді «Эйр Астана» мен «Скат» сияқты екі әуе компаниясы ашуға құлшынып отыр. Еш жерге тоқтамай, бірден Америкаға жолаушыларды жеткізеді. Сол үшін де өз ақшасына алыс магистральды ұшақтар сатып алмақ. Бірақ әуе компаниялары әуе қауіпсіздігі сертификатын алуға тиіс. Бұл өте ұзақ процесс, оған бірнеше жыл керек. Ең алдымен америкалық әуе билігіндегілер қазақстандық әуежайлардағы жолаушыларды тексеру жағын бағамдайды.
– Рейстер 2025 жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Екі-үш апта бұрын америкалық сарапшылар Қазақстанға келіп, Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында аудит өткізді. Аудит қорытындылары бойынша оң нәтижеге қол жеттік. Сарапшылар қазір өте жақсы баға беріп отыр. Біз тікелей рейс ашқан кезде батыс жақпен Еуропа арқылы ұшуға мүмкіндік болады, – дейді Азаматтық авиация комитетінің басқарма жетекшісі Тимур Тілегенов.