Алаяқтармен күрес: банктегі ақшасынан айырыла жаздаған адамдардың басынан өткені

Кәмшат Тілеухан 29 қаз. 2024 15:26 1222

Технология қарыштап дамығанымен, өкінішке қарай, бүгіндері сонымен байланысты алаяқтық жағдайлары да жиілей түсуде. Бұл арадағы іс-қимыл жағдайлары өте ұқсас, ал шығындар көлемі сан миллионға айналып шыға келуі ықтимал. Мұндай алаяқтықтың алдын ала жолын кесуге болады, егер қоңырау шалған адаммен арадағы әңгімені кілт үзсеңіз немесе банкке хабарласып, басыңыздан өткен жағдайды баяндап берсеңіз, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі мақаламызға ақшасынан айырылып қала жаздаған банк тұтынушыларының басынан өткен жағдайлары арқау. Сондықтан онымен танысып қана қоймай, тамыр-таныстарыңызбен де бөлісе отырыңыздар. Сонда қоғам алаяқтардың қалай әрекет ететінін жақсы түсініп, алдын ала қам жасай алады. Мәселен, Forte Bank осындай жағдайға тап болған тұтынушыларына қалай көмектескенін айтып берді. Сондай-ақ бұл мақалада жалпы филиалдардағы менеджерлерге бастан өткен оқиғаны айна-қатесіз жеткізу неге маңызды екенін түсіндіре кететін боламыз.

Гипноз және 7 млн теңге

Бүгінгі таңда банк қызметкерлеріне тұтынушыға сауатты қызмет көрсетіп қана қоймай, психолог болуына да тура келіп жатады. Мәселен, бірде Forte банктің тұрақты клиенті бөлімшеге келіп, депозитте жатқан барлық ақшасын шұғыл шешу керектігін айтқан, онда да анау-мынау емес, бақандай 7 млн теңгені. Оның үстіне тұтынушы гипнозға түскендей өзін біртүрлі ұстаған. Ол қатты қобалжып, телефонмен сөйлесіп, менеджердің әдеттегі сұрақтарына жауап бермеген, тек "ақшамды бер" дей берген. Соның алдында ғана оның ұлы банкке қоңырау шалып, әкесі телефонға жауап бермей жатқанын және оның басқа банктегі депозиттен ақша шешкенін ескерткен.

Банк қызметкерлері "техникалық ақаулар орын алды" деген желеумен депозитті уақытша бұғаттауға мәжбүр болды. Ал бұл уақыт клиенттің туыстарының банк бөлімшесіне келіп жетуі үшін жақсы жағдай тудырды. Олар өз кезегінде ер адамды сабырға шақырып, қоңырау шалып жатқан алаяқтар екенін және өздеріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Міне, осыдан кейін ғана тұтынушы телефонды үстел үстіне қойып, бұған дейін киберқылмыскерлердің ықпалында болғанын бір-ақ ұқты.

Миллионды айтып, бопсалау

Алаяқтардың тұзағына әркімнің түсу қаупі бар, әсіресе қылмыскерлер оның жақындарына, достарына немесе банктегі жинағына қауіп төніп тұрғанын айтып, есін шығарса. Қостанай қаласының тұрғыны осындай жағдайға тап болған. Ол 3 миллион теңге несие тіркетіп, оны үшінші тұлғалардың шоттарына аудару үшін Forte бөлімшесіне бас сұғады. Тұтынушы пәтерін жөндеу үшін қаражат керек екенін айтқанына қарамастан, банк қызметкерлері бұл арада бір шикілік барын аңғарады. Сөз барысында оған өзін Ұлттық банк пен полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалғаны белгілі болды. Олар оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып сендіріп, ақшасын жаңа несие алу арқылы "қорғауды" ұсынған. Банк менеджерлері бұл алаяқтар екенін айтып, жағдайды жақсылап түсіндіріп, несиені алдыртпаған. Соның арқасында өзгелер үшін тұтынушы қарызға белшесінен батпады.

Махаббат па, залауат па?

Алаяқтар адамға жақын сезім - махаббатты да ұтымды пайдаланады. Иә, қалай дейсіз бе? Мысалы, қарағандылық келіншек Қазақстанға тезірек жетуі үшін жолына деп сүйіктісіне ақша аудару мақсатында Forte филиалы қызметіне жүгінген. Бірақ ол ұсынған шетел ел азаматының реквизиті емес Қазақстан тұрғынынікі болып шықты. Менеджер егер ақша шынымен де шетелдік азаматқа жолдануы керек болса, онда реквизиттер де сол шет елдікі болуы керектігін түсіндірді. Сөйтсе келіншектің ер адаммен танысу сайтында танысқаны және оның жекелей кездесу үшін Қазақстанға келгісі келетіні белгілі болды. Бірақ билет алуға  ақшасы жоқ екенін айтқан ол сүйіктісінен қарызға ақша бере тұруды сұрапты. Жеме-жемге келгенде менеджерлер оған ақша жібере алатынын, бірақ ол шетелдік күйеу жігітке емес, қазақстандық банктегі бір шотқа түсетінін, содан кейін оған алаяқтар малданатынын жеткізді. Расында, бейтаныс адамға ақша жібермеуге тырысу керек, тіпті "күйдім-жандым, сүйдім" деп ант берсе де. Шындығында, ол сіздің ақшаңызға көз тіккен алаяқ болып шығуы мүмкін. 

Банктен тыс жердегі оқиға

Тек банкте ғана емес, одан тыс жерлерде де Forte менеджерлері адамдарға көмектесуге тырысады. Бірде жұмыстан кейін Екібастұздағы Forte банктің кассирі дүкенге бас сұғады. Ол әрі-сәрі сатушылардан әріптестерінің бірі дәретханаға кіріп, есігін тарс бекітіп алғанын, сырттағыларға жауап қатпағанын естиді. Бастысы, оған телефон арқылы біреулер хабарласқан. Банк қызметкері бірден қоңырау шалған алаяқтар екендігіне күдіктеніп, өз көмегін ұсынады. Ол бірден полицияға қоңырау шалып, сатушының жағдайдың қауырт екенін түсінуі үшін телефон дауысын қаттыға қояды. Полицей сөзі әйелге әсер етіп, ол ақыры есікті ашады. Сөйтіп банк қызметкері екеуі бөлімшеге қайта оралады. Сол арада олар бірге алаяқтардың нөмірлерін бұғаттатады. Әйел алаяқтардың нұсқауы бойынша телефонына екі зиянды қосымшаны жүктеп үлгеріпті, бірақ оларға тіркелмеген екен.

Әрқашан жадыда болуы тиіс маңызды нәрсе

Forte менеджерлері клиенттерге алаяқтардың қармағына түспеу үшін негізгі ережелерді үнемі еске салады. Барлық Қазақстан азаматтары мынаны білгені маңызды:

  • Егер сізге ҰҚК, Бас прокуратура, Ұлттық банк және т. б. ресми орган қызметкерлері қоңырау шалса, әңгімені бірден үзіңіз;
  • AnyDesk, TeamViewer және өзге де осыған ұқсас қосымшаларды жүктемеңіз, өйткені олар телефондар мен компьютерлерге, содан кейін Сіздің жеке ақпаратыңызға, әсіресе қаржылық ақпаратқа қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді;
  • Беймәлім сілтемелерді баспаңыз, дауыс беруге де қатыспаңыз;
  • Егер жақын адамдарыңыз немесе достарыңыз мессенджерлерден қарызға ақша сұраса, оларға қоңырау шалып, телефон арқылы мұны пысықтап алыңыз, олардың алаяқтар емес екеніне көз жеткізгеніңіз жөн. Көбінесе аккаунттар жиі бұзылады;
  • Телефоныңызға келіп түскен SMS-кодтарды ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне де бермеңіз. Олардың бұл ақпаратты сұрауға құқығы жоқ;
  •  Әрқашан банкке тікелей қоңырау шалыңыз немесе бөлімшеге барыңыз, ақпаратты нақтылау немесе алаңдаушылықтарыңыз бойынша менеджерлер қызметіне батыл жүгіне беріңіз;
  • Алаяқтардың міндеті - адамды мүмкіндігінше қорқытып, дегбірін қашыру, солайша несиені тезірек рәсімдеу немесе депозиттегі ақшаны алу, ақша аударту немесе барлық жеке мәліметтерді бердірту үшін асықтыру, сондықтан олардың ықпалына түсіп қалып жүрмеңіздер.

Бұл қарапайым, бірақ өте маңызды кеңестер жинағыңызды сақтауға және киберқылмыскерлердің кесірінен миллиондаған несиеге "кіріп кетпеуге" көмектеседі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар