Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың ажырасу көрсеткіштеріне қатты алаңдайтынын айтып, ажырасқан азаматтарға табыс салығын көтеру ұсынысын айтуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл ұсынысты саясаттанушы Ғазиз Әбішев өзінің сараптамалық жазбасында сынға алып, оны біздің қоғамдағы «махаббатқа мәжбүрлеу мәдениетінің» тағы бір көрінісі ретінде сипаттады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әбішев Назаровтың ұсынысына қатысты пікір білдірді.
«Бұл — табиғи әлеуметтік құбылысты зорлық-зомбылық тәсілдері арқылы бақылауға тырысудың кезекті мысалы. Яғни, адамдардың жеке таңдауымен байланысты жағдайды аламыз да, оның ішінен қоғам үшін “қауіпті” элементті бөліп алып, оны ұлғайтып, мәселені шешудің ең оңай жолын ұсынамыз: “Сүй деп мәжбүрлейік”».
Сарапшы мұндай тәсілдің тек салық саясаты арқылы емес, қалыңдық ұрлау, бұрынғы әйелді аңду, тілге қысым жасау, радикалды діни үгіт, тіпті ультралибералдық идеологиядағы шектен шығу формасында да көрініс табатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құбылыстардың барлығында да адамдардан өз еркімен жақсы көруі талап етіледі. Нәтижесінде махаббатты күштеп нығайтамыз-мыс. “Ұнаса да, ұнамаса да, төзе бер, сұлуым” деген ұстаным сол — ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени штамп.
«Бұл — адамның табиғатын қарабайыр түсіну. Ал әлеуметтік қатынастарға тоталитарлық көзқарас таныту», — дейді Әбішев.
Оның пікірінше, егер екі адам бірге өмір сүргісі келмесе, бұл — олардың таңдауы. Егер олар ажырасса, бұл әрекет басқа адамдардың, басқа отбасылардың немесе тұтас мемлекеттің құқығын еш бұзбайды.
«Онда олар не үшін көбірек салық төлеуі керек? Бұл — ажырасқандарды әлеуметтік тұрғыдан кемсіту әрекеті емес пе?» – дейді ол.
Ғазиз Әбішев ажырасқан ерлер мен әйелдер үйленбеген, тұрмысқа шықпаған не отбасылы адамдардан еш кем емес екенін атап өтті.
"Оларға қосымша салық салу — олардың Конституциялық және жалпыадамзаттық құқықтарын шектеу" деп кесіп айтты саясаттанушы.
Ол, тіпті, бұл ұсыныстың белгілі бір жағдайда адамдарды ажырасудан ұстап қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Алайда мұндай жағдайдың өзін теріс деп бағалайды: «Мейлі, бірен-саран жағдайда бұл қысым жұмыс істесін делік. Бірақ мұндай жағдайда некені қалай “нормалды отбасы” деп айта аламыз? Егер бір адам отбасында зорлық көрсетсе, не опасыздық жасаса, не жалқау, жауапсыз болса, ал екінші адам бұған төзгісі келмесе — тек төзбегені үшін салық төлеуі керек пе?»
Ол мұндай тәсілді «ультраконсерваторлар үшін үйреншікті дүние» деп сипаттайды.
«Қысым жасау, мәжбүрлеу, сындырып, бағындыру — олар үшін табиғи дүние. Бұл — кәдімгі ортағасырлық тәсіл. Бірақ бұл қазіргі заманның нормасы болмауы керек», — дейді саясаттанушы.
Оның ойынша, ұсыныстың тағы бір қауіпті жағы — жастардың неке қиюдан бас тартуына түрткі болуы мүмкін.
«Егер ажырасудың салдары — қаржылай жаза болса, жастар: “Не үшін үйленемін, кейін салық төлейтін болсам?” деп ойлайды. Сөйтіп, неке қоғамдағы сенімді институт ретінде әлсірей бастайды», — деп атап өтті ол.
Сарапшы Ардақ Назаров ажырасқан адамдарды жазалау арқылы отбасын сақтап қалуды емес, қазақ қоғамындағы отбасы институтының дамуын тежейтін қадам ұсынып отыр деп есептейді. Мұндай мәжбүрлеу – отбасыны сақтау емес, керісінше, оның табиғи дамуын тежеу.