Алматының кептелісін шешудің жолы табылды. Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов премьер-министр Олжас Бектеновке осындай сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматыда соңғы жылдары халық саны күрт артқан.
"Көшелер сенбі-жексенбі күндері де кептелістен көз ашпайтын болды. Ал қалаға кіріп-шығатын жолдармен жүру тіпті мүмкін емес. Бір ғана мысал келтірейін: Алматы мен Қаскелеңнің арасы небәрі - 20 шақырым. Сол жолды жүріп өту үшін екі сағат уақыт кетеді. Жұрттың жүйкесін тоздырған жол азабын азайту үшін Үлкен Алматы айналма жолы да (БАКАД) салынған болатын. Бірақ ол мәселені мүлде шешпеді", - деді ол.
Тәулігіне Алматыға сырттан 500 мың көлік кіреді екен.
"Қала іргесіндегі жолдар мен оның көлік өткізу қарқыны мұндай нөпірге есептелмеген. Тіпті шаһардың шығаберістеріне салынған жолайрықтар мен көпірлер де көмектеспей жатыр. Өйткені қалаға жақын орналасқан Қарасай, Жамбыл, Талғар, Іле аудандарында бір миллионға жуық халық тұрады. Соның басым көпшілігі Алматыға күнделікті қатынап жұмыс істейді, оқиды немесе бала-шағасын мектепке тасиды. Салдарынан қалаға кіріп-шығар жолдар күні-түні иінтіресіп тұрады", - деді ол.
Депутат "жол азабын" шешудің бірнеше жолын ұсынды:
- "Алматының орталық күре жолы саналатын Абай даңғылын Қаскелең қаласына дейін ұзарту керек. Бұл - көп шығынды қажет етпейтін жоба. Өйткені мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер телімдері мен коммерциялық нысандар жол бойында өте аз. Сондай-ақ, жол түсетін аумақта инженерлік желілерді көшіру қажеттілігі жоқ.
- Үлкен Алматы айналма жолынан Ұзынағашқа дейін тағы бір қосымша жол салу керек. Ол Қытайдан шыққан жүк көліктерінің кептеліссіз Алматыны айналып өтуіне мүмкіндік береді. Бұл трасса түсетін жер телімдері жекеменшікке сатылмаған. Болашақ жол құрылысы үшін жергілікті әкімдіктің балансында тұр. Тек жоба дайындап, құрылысты қазір-ақ бастап кетуге мүмкіндік бар.
- Сайын көшесін ұзартып, Алматы-Астана трассасына дейін жеткізу керек. Бұл Балқаш, Қарағанды, Астана бағытында қатынайтын көліктердің жолын қысқартып, уақытын үнемдейді. Сондай-ақ, Алматы-Қаскелең жолындағы көлік жүктемесін едәуір азайтады".
