“Қатын құтырған заман”: қоғам сынына ұшыраған подкаст

Қаракөз Амантай 20 қар. 2025 10:14

Белгілі ақын-драматург Бақыт Беделхан журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөліне қатысты даулы пікір айтып, әлеуметтік желіде қызу талқы тудырды. Бір тарап ақынның сөзін дәстүр мен отбасы құндылықтарын қорғау деп қабылдаса, енді бірі әйелдерге қарсы кемсітушілік деп бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сұхбат барысында ол қазіргі заманның құндылықтары мен отбасылық қатынастары туралы айта келе, әйелдердің “еркінсуіне” психологтардың әсері бар екенін атап өтті.

“Қатын құтырған заман болып тұр ғой. Ал оларды кім құтыртты? Психологтар! Олар: “Сен еркектің күңі емессің. Енең саған ешкім емес, атаң саған ешкім емес. Олар сенің жұмысыңа, отбасыңа араласпасын. Сен бұл өмірге бір-ақ рет келесің. Неге дұрыс өмір сүрмейсің? Ойың қалай, жаның нені қалайды – солай өмір сүр” дейді. Ал бұрыннан қара шаңырақты ұстап тұрған әйелдер мына заманда әрең жүрген кезде, рахаттың шынжырынан босаған ит сияқты, бәрі “гу” ете қалды. Соның кесір-кесапаты тиіп жатыр. Түк сылтау жоқ. “Мен” деген эгоны миларына егіп тастады”, - деді ол.

Ақынның айтуынша, әйелдердің мінез-құлықтарындағы өзгеріске қазіргі әлеуметтік трендтер мен заңдар да себеп.

“Оның үстіне қазір билік те соған мүмкіндік жасап берді. Отбасылық заң шығарып, әйелге ұрысқан, қол көтерген еркек жауапқа тартылады. Болды. Оларды одан сайын құтыртты. Бұл не? Бұл – қазақ отбасын саналы түрде қолдан ойрандау. Бұл – отансүйгіштіктен тап-таза айыру, бірлік пен ынтымақтың тамырына балта шабу.

Сондықтан мен қазір “әйелдің проблемасы”, “отбасы құндылықтары” десе ашуым келеді. Кейде әлеуметтік желіге қарап, “Ой, ана Мөлдір шығып қалмаса екен, ана Бадықова шығып қалмаса екен” деп отырамын. Ал олар айтып жүрген әңгімелер қарапайым халық үшін, ауылда, ауданда, шет аймақта жүрген адамдар үшін шайтанын қоздыратын әңгіме болып тұр”, - деді ол.

Беделханның бұл ойы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірқатар танымал тұлға ақынның көзқарасына қарсы пікір білдіріп, сөзін сынға алды.

Белгілі журналистердің сыны

Журналист Гүлбану Әниятқызы Facebook парақшасында ақынның бұл пікірі орынсыз екенін атап өтті.

“Әйел құтырды” деген не сөз? Өз құқығын қорғаса, қалауын істесе құтырған болып есептеле ме? Неге “әйелдер құтырды” дей бересіздер? Сосын әйелдің құтыруға құқы жоқ па?”, — деп жазды ол.

Журналист Кәмшат Тасболат та пікір қалдырып, мәселенің тамыры тереңде екенін айтты.

“Өкінішке қарай, “әйел құтырды” деген ой біздің патриархалды қоғамдағы көп еркекке тән ой, биліктегі шенеуніктен бастап ақын-жазушылар, малшыларға дейін солай ойлайды… Олай болмағанда, Салтанаттар, Яналар өлмес еді. Оқыған, көзі ашық ерлер озады, ал надан, көкірегі бітеу еркектер тозады”, — деді ол.

Ал журналист Халима Тәжіқұл сұхбаттағы заңға қатысты түсіндірмені сынға алды.

“Респондентіңіз өзі айтқан заңды оқымаған екен, манипуляция құрбанына айналыпты. Респондент қателескенде сұхбат алушы оны түзеп өтуге тиіс еді. Олай етпеген сияқты. Сұхбатты көргендер айта жатар, ескертсе”, — деп жазды ол.

Қолдаушылар да аз емес

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде ақынның айтқанын толық құптағандар да табылды. Кейбір желі қолданушылары: “100 пайыз құптаймын”, “Дұрыс айтқан”, “Ақылды" әйелдердің ақылымен ерлі-зайыптылардың сыйластығы, үлкенді құрметтеу, отбасын сақтау, балаларына әкесі мен анасы үлгі-өнеге болу деген қасиеттер жойылып барады”, - деп пікір қалдырған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар