Қазақстан үкіметі риелторлар қызметін ретке келтіруге кірісті. Енді тұрғын үйді сату-сатып алумен айналысатындардың бәрі өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы жұмыс істеуі керек. Мұндай шешім вице-премьер Серік Жұманғарин төрағалық еткен комиссия отырысында қабылданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Бүгінде жылжымайтын мүлік нарығында көп адам ортақ ережесіз жұмыс істейді. Өзін риелтор деп атағыштар комиссияны өз қалауынша белгілеп, клиент алдында дерлік жауапкершіліктен қаша салады. Келісімшарттар еш құжатсыз, құры ауызша жасалып, салдарынан халық комиссияны екі рет төлеп, түрлі даулар болып жатады», - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Жаңа талаптарға сәйкес, риелторлар бірыңғай тізілімге тіркелуі, үлгілік шарттарды қолдануы және этикалық кодексті сақтауы тиіс. Тұтынушыларды қорғау үшін өтемақы қоры құрылмақ, ал талап бұзылған жағдайда тәртіптік жауапкершілік жүйесі қолданылады.
Саланың жұмысына бақылау жасау міндеті индустрия және құрылыс министрлігіне жүктелді.
