Елдегі құмар ойын бизнесін бақылауға арналған Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕАЖ) капиталды жасырын жылыстату әдісі емес пе? Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбектің Facebook-тағы жазбасы біршама жайттың мәнін аша білді деп жазады DALA INSIDE.
«Бүгін комитет отырысында үшінші мәселе ретінде «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» заң жобасын талқыладық. Сол заң жобасына белгісіз біреулер БЕАЖ бен құмар ойын бизнесіне қатысты түзетулер енгізіп жіберген», деп жазды Базарбек, артынан жойылып кеткен постында.

«Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кәдімгі техникалық заң жобасын талқылау барысында үшінші сұрақ БЕАЖ және құмар ойын бизнесіне қатысты түзетулерге қатысты болған. Бүкіл индустрияның қаржылық құрылымын өзгертуі мүмкін маңызды түзету былайша айтқанда «тығылып», салалық емес комитет арқылы өтіп жатқаны депутат Базарбекке ұнамады. Оның таңданысы көп ұзамай ашуға ұласты. Оның айтуынша, мемлекеттік бақылау құралы болуы тиіс БЕАЖ іс жүзінде шетелдік бенефициарлары бар компанияға арналған делдал құрылымға айналған. Депутаттың мәліметінше, жүйеден түсетін табыстың 80%-ы шетелге, оның ішінде Ресейге кетеді.
Базарбек әшкерелеген негізгі фигурант - NomaPay компаниясы. Депутаттың айтуынша, БЕАЖ-дың нақты бенефициары мемлекеттік кәсіпорын емес, дәл осы ресейлік оператор. Ол келтірген деректер қоғамды дүр сілкіндірді. Ойын индустриясының жалпы айналымы 3,9 триллион теңгеге жетуі мүмкін. Оның ішінде Қазақстанда тек 20% (780 млрд теңге) ғана қалады, ал 3,12 триллион теңге жыл сайын NomaPay-ға кетеді.
«Ресей ештеңе істемейді, ресейлік компаниялар ештеңе істемейді. Олар тек NomaPay платформасын құрды. Сол арқылы жүздеген миллиардты сорып алады», - дейді депутат.
Оның айтуынша, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына тікелей қайшы. Президент құмар ойын нарығын реттеу арқылы ақшаның елде қалуын талап еткен. Ал қазір, Базарбектің пікірінше, шенеуіктер ел мүддесін шетелдік капиталға айырбастайтын схема құрып отыр.
Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігіне қарасты ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаевтың сол отырыстағы түсіндірмесі мәселені жеңілдетудің орнына одан сайын қиындатты. Ол букмекерлердің заңды айналымы жылына шамамен 1,3 триллион теңге екенін айтқан. Тұрғанбаев NomaPay-ды «қазақстандық компания» деп атады, оның өнімін жергілікті нарыққа бейімдедік деп сендірді. Ол мұны «халықаралық қалыпты тәжірибе» деді және үш жылдан кейін жүйе толықтай Қазақстанның бақылауына өтеді деп уәде етті.
Алайда Базарбекті бұл дәлелдер қанағаттандырмады. Оның мәліметінше, NomaPay-дың артында Ресейдегі ойын бизнесінің 70%-ын ұстап отырған олигархтар тұр. Көпшілікті шошытқан тағы бір деталь бар. БЕАЖ бен NomaPay арасындағы келісімшарттың «ДСП» (қызметтік пайдалану үшін) грифімен белгіленуі. Яғни бұл келісім халықтан, қоғамнан жасырылып отыр.
Бұл мәселе шын мәнінде әлдеқайда қауіпті схеманы жасырып тұрған сияқты. Себебі, мемлекеттік бақылаудан тыс ірі жеке қаржылық монополия құрылайын деп жатыр. Мысалы, Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетінің түзетулері заңнан БЕАЖ комиссиясының мөлшерін Бәсекелестікті қорғау агенттігімен міндетті келісу нормасын алып тастамақ. Бұл монополистке тарифтерді өз қалауынша, тіпті шектен тыс жоғары қоюға мүмкіндік береді. Екіншіден, БЕАЖ операторына банк операцияларын жасау, электронды әмияндар жүргізу, электронды ақша эмиссиялау рұқсат етілмек. Бұл Ұлттық Банк бақылауына бағынбайтын көлеңкелі қаржы институтын қалыптастыру қаупін туғызады.
Осылайша, «цифрландыру» мен «бақылау» деген әдемі ұрандарды пайдаланып, қоғам мен халыққа көрсетпей елден орасан капиталды сыртқа шығаратын схемалардың астыртын тықпаланып жатқандығы байқалады.
