Өркендеп келе жатқан ұлт: Қазақстан- туу көрсеткіші жоғары мемлекет

Асель Қайратқызы 20 қар. 2025 10:35

Қазақстан балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау бағытында тұрақты оң нәтижелер көрсетіп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, балалар халықтың 34 пайызын құрайды. Яғни Қазақстан халқының үштен бірі – балалар. Сонымен қатар, олардың саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Мұндай оң демографиялық динамика мемлекет тарапынан балаларды қорғауға бағытталған саяси бағыттың тиімді екенінінің маңызды көрсеткіші. Халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ Қазақстанның балалар құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы тұрақты дамуын жоғары бағалап отыр.

Балалардың денсаулығы мен дамуын қолдау бағытында мемлекет ерекше назар аударатын салалардың бірі – сапалы тамақтану. 2023 жылдан бастап бастауыш сыныптардың барлық оқушылары – 100% – мемлекет есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл шара 1,7 миллион оқушыны қамтып отыр. Ал 953 мың балабақша тәрбиеленушісі де толық тамақтанумен қамтамасыз етілген. Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы ыстық тамаққа жергілікті бюджеттерден 207,4 млрд теңге бөлінген.

ЮНИСЕФ-тің МИКС-2024 деректері бойынша, Қазақстандағы балалардың тамақтану көрсеткіштері Еуропа және Орталық Азия елдері деңгейіне сәйкес келеді. Сарапшылар деректердің тұрақтылығын және күрт өзгерістердің болмауын атап өтіп, бұл мемлекет қабылған шаралардың тиімділігін көрсететінін айтады.

Жалпы, елдегі жоғары туу көрсеткіші, балалар санының тұрақты артуы және олардың әл-ауқатын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат Қазақстанның демографиялық дамуындағы оң тенденцияны айқын көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар