Алматы қаласында VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Екі күнге созылған іс-шараның екінші күні медиа өкілдері Ғылым ордасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қонақтарды Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов қарсы алып, ұйымның негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды. Делегация мүшелері қазақ ғылымының қалыптасу тарихымен, тарихи ғимараттың архитектуралық ерекшеліктерімен, сондай-ақ ел ғылымы мен мәдениетінің дамуына негіз болған құнды жәдігерлермен танысты. Реставрация және консервация орталығында жүзеге асырылып жатқан халықаралық ғылыми жобалар туралы ақпарат беріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін перспективалық бағыттарды атап өтті.
Кездесу барысында Ғылым ордасындағы Қ.И. Сәтбаев музейіне, Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар музейіне, Археология музейіне және Табиғат музейінің Палеонтология залына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар сирек кітаптар қорымен, көне жазбалар, қолжазбалар, алғашқы баспа еңбектер, сондай-ақ қазақ ғылымының қалыптасуына үлес қосқан отандық ғалымдардың еңбектерімен танысты. Археология музейіндегі ең құнды экспозициялардың бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» киімінің қалпына келтірілген көшірме нұсқасы, сондай-ақ Берел қорымындағы №11 қорғанның жерлеу камерасының реконструкциясы мен Берел жылқысының макеті қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесу соңында шетелдік делегация өкілдеріне арнайы естелік кітаптар табыс етілді. Форум қонақтарының Ғылым ордасына келуі ғылым мен мәдениетті ұштастыратын маңызды диалог алаңына айналды. Мұндай кездесулер түркітілдес елдер арасындағы рухани байланысты нығайтып, ғылым мен ақпарат саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
