Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр

Ақтоты Жапатова 01 мам. 2025 13:28 252

Астанадағы «Жастар» сарайында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz

«Іс-шара аясында елімізде тұратын түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін таныстыратын арнайы көрме өтіп жатыр. Көрмеге келушілерге әр ұлт өкілдері салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын көрсетуде. Кейін бұл іс-шара мерекелік концертке ұласады. Арнайы шақырылып отырған қазақ эстрадасының әншісі Ұшқын Жамалбек және «Жастар» сарайының шығармашылық ұжымы да өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылы мен Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы нөмірлеріміз бар», – деді «Жастар» сарайының медиа бөлімінің басшысы Дильназ Мұрат.

Бүгінгі іс-шараны Астана қаласының Мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр.

Мерекелік концертте «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары – Зарина Божақова, Әлібек Әлмәдіұлы және Татьяна Ким, сондай-ақ шараның арнайы қонағы Құрмаш Махан өз өнерін ортаға салады.

«Қазақстан халқының бірлігі күні – сан түрлі этностардың өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт әрі мызғымас мемлекетіміздің символына айналған мереке. Ол ұлттық бірлігіміздің беріктігін, көпэтносты қоғамымыздағы өзара құрмет пен сенімнің терең тамыр жайғанын паш етеді», – деді Дильназ Мұрат.

Көрме ұлттық дәстүрлердің бай мұрасын дәріптеп, қоғамдағы достық пен келісімді нығайтуға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар