Былтыр "Нұр-Мұқасан" тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен топтың бұрынғы әншісі, танымал жұлдыз Мұқасан Шахзадаевтан оңбай таяқ жегенін айтқан еді. Әнші тағы да өзіне қатысты алаңдататын жағдайлар көбейгенін мәлімдеді. Ол әлеуметтік желіде жариялаған видеода кейінгі кезде күмән тудырған бірнеше оқиға болғанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесінің сөзінше, жақында аулада екі бейтаныс адам келіп, беттерін жасырып сөйлескен. Оның айтуынша, күмәнді адамдар бас киімін басып киіп, бетперде таққан. Сонымен қатар, ол көлігін жууға апарған кезде бұрандалары бос тұрғанын байқағанын жеткізді.
Әнші ешкімге нақты айып таққысы келмейтінін айтқанымен, мұндай жайттар алаңдататынын жасырмады.
Ал оның өкілі әрі заңгері Инга Иманбай іс созылып кеткеніне назар аударды. Оның пікірінше, денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру бабымен қозғалған істің жарты жыл бойы сотқа жетпеуі күмән тудырады. Заңгер бұл жағдайға қандай да бір ықпал болуы мүмкін екенін айтып, әншінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.
"Істің жарты жыл бойы сотқа жетпеуінің өзі бұл жерде ықпалдың бар екенін, қандай да күмәнді жағдайлар болып жатқанын көрсетеді. Сондықтан заңгері, өкілі ретінде Ғалымжан мырзаның айтып тұрған жағдайларына алаңдаулымын", - деді ол.
Бұған дейін істің мән-жайын жазған едік. Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, даудың бәрі әннен шыққан. Мәселені шешу үшін ол Шахзадаевтың үйіне барған. Алайда соққыға жығылған. "Полиция Мұқасанды емес, мені алып кетті" дейді ол.
Кейінірек әнші Мұқасан Шахзадаев ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Мәліметке сүйенсек, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі - "Адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бойынша қозғалған. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.