«Қытайлыққа айналу» тренді интернетті жаулап алды: адамдар қытайлар сияқты өмір сүргісі келеді

«Қытайлыққа айналу» тренді интернетті жаулап алды: адамдар қытайлар сияқты өмір сүргісі келеді
Dalanews.kz

«Becoming Chinese» немесе «Қытайлыққа айналу» атты әлемдік трендті батыс елдерінің зумерлері 2025 жылы-ақ танымал еткен болатын. Биыл ол TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерде вирустық трендке айналды. Оған көбіне қытай мәдениетіне, еліне және халқына сүйсінетін, сондай-ақ күнделікті өмірдегі кейбір қытайлық дәстүрлер мен әдеттерді қабылдаған шетелдіктер қатысып жатыр. Бұл құбылысқа The Times басылымы назар аударып, оны денсаулықты сақтауға бағытталған астарлы әзілдер мен бейсаналы мақсаттарға ұқсайтынын жазды. Dalanews.kz бұл материалында «қытайлық болу» феноменін және оның неге қазір Батыс әлемін жаулап жатқанын талдап көрді, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдан бастап түрлі әлеуметтік платформаларда америкалықтардың қытай мәдениетіне бейілділігін көрсететін видеолар көбейді. Мысалы, олар қытайдың Цинтао сырасын ішіп, қолдарын артына ұстап жүреді, дәстүрлі күріш ботқасын – zhou (粥) жейді, дәстүрлі қытай медицинасын пайдаланып, ыстық суды жиі ішеді. Әлеуметтік желілердегі бұл трендтің тағы бір бағыты – «қытайлық бэдди» бейнесі. Бұл – сәнді әрі өзіне сенімді, бірақ қытай стилінде тәрбиеленген қыздың образы. Оның ерекшелігі – пайдалы әдеттерінде: ыстық сорпа дайындау, қымбат жемістерді қамқорлық белгісі ретінде сыйлау немесе siu tim, siu bing (қант аз, мұз аз) және zou tim (қантсыз) сусындарына тапсырыс беру. Бұл контент авторларының бәрін біріктіретін нәрсе – олардың өздерін «қытайлыққа айналып жатқандай» сезінуі немесе «шын мәнінде бұрыннан қытай болғанын» түсінуі.

«Мен – метис қызбын, жартылай орыс, жартылай қытаймын. Ішімде ТМД-дағы мықты әрі айбарлы қыздың мінезі бар, бірақ ойлау жүйем мен рухани күйім қытайлық дүниетанымға жақын. Сондықтан жастардың бұл трендті неге ұнататынын түсінемін. Бірақ мен үшін бұл тек эстетика емес, ең алдымен – даосизм философиясы. Даосизм барлық нәрседегі табиғилықты үйретеді: сырт келбетте, қарым-қатынаста, сезімді білдіруде. Мұнда жасандылықтан, өзгелерге ақыл айтудан бас тарту маңызды, яғни адам өзінің табиғи ағысында және үйлесімде болуы керек. Сол себепті қытайлар жасанды сусындардың орнына қарапайым қайнаған су ішеді және мұның да терең мәні бар. Қытайлар қолдарын сермеп, энергиясын босқа жұмсауды таңдамайды, оның орнына қолдарын артына қойып, денесін тыңдайды. Мен үшін қытайлық болу – өзің болу, нені қалайтыныңды сезіну, ойыңды еркін жеткізу және өзіңмен үйлесімде өмір сүру. Ал негатив – жасанды түрде қалыптасқан сезім», – дейді Астанадағы Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының студенті Чжан Лина.

Chinamaxxing немесе «максималды түрде қытайша өмір сүру» трендінің бастамашысы ретінде танымал америкалық стример әрі YouTube-блогер IShowSpeed Дэррен Уоткинс аталады. Ол 2025 жылдың наурызында Қытайға барып, елдің қарқынды технологиялық дамуы мен әйгілі көрікті жерлеріне тәнті болған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі қытайлық өмір салтына қызығушылығын «сен мені өмірімнің тым қытайлық кезеңінде кездестірдің» деген твиттер арқылы білдірген. Бұл «Жекпе-жек клубы» фильміндегі кейіпкер сөзіне пародия ретінде тараған. Ал Instagram-дағы «соңғы кезде өзімді барған сайын қытай сияқты сезініп жүрмін» деген жазба 160 мыңнан астам лайк жинаған. Бұл трендке батыстық инфлюенсерлер, блогерлер мен стендап-комиктер де қосылып, қытайлардың күнделікті әдеттерін әзіл түрінде қайталай бастады. Сонымен қатар олар қытайларды елемеу немесе олардан қорқудың мәні жоғын айтқан.

«Неге шетелдіктер осы өмір салтын қабылдағысы келеді және оның қандай құндылығы бар? Қазір біз өте жылдам заманда өмір сүріп жатырмыз, әлемде түрлі оқиғалар болып жатыр. Қоғам бір-бірін сынап, белгілі бір нәрселерді таңуға әуес. Сондықтан бізге өздерін қандай болса, солай қабылдайтын қытайларға қарау жағымды. Шетелдіктердің қытайлық өмір салтын қабылдағысы келетіні де сондықтан шығар. Олар қатты күле алады, ал Азияның кей елдерінде, мысалы Корея мен Жапонияда бұлай істеу құпталмайды. Қытайлар ешқашан шынайы эмоциясын жасырмайды. Мұндағы басты құндылық – өз жүрегің қалағандай өмір сүру және өзгенің емес, өз өміріңді сүру», – дейді Лина.

BBC мәліметінше, Қытайдың жағымды бейнесінің қалыптасуына тек осы трендтер ғана әсер еткен жоқ. Әлемде Labubu ойыншықтары, Luckin Coffee мен Mixue Ice Cream&Tea сусындары, сондай-ақ Adidas бренді шығарған қытайлық ұлттық нақыштағы танчжуан стиліндегі спорттық киімдер кең танымал бола бастады. Бұған қоса, Чунцин секілді қытай туристік қалалары туралы қысқа видеолар да үлкен сұранысқа ие.

«Қытай қазір – әлемдегі ең қуатты елдердің бірі және одан үлгі алуға болады. Оларда әсіресе білім саласында тәртіп өте жоғары, бәсекелестік күшті, бұл адамды ынталандырады. Қытайда даму мүмкіндігі көп, әрі Еуропамен салыстырғанда өмір сүру қымбат емес. Өндіріс пен тауар сапасы да жоғары деңгейде. Qipao көйлегі өте әдемі әрі заманауи стильмен үйлеседі. Олардың жетістігі еңбекқорлық пен табандылыққа байланысты. Сонымен қатар қытайлар әдетте өте сыпайы әрі мейірімді, сондықтан олармен араласу да, бірге өмір сүру де жайлы. Біз ауылға барған кезде мұны анық байқадым: жасы 80-нен асқан адамдар әлі күнге дейін дәстүрлі істермен айналысып, ескі әдеттерін сақтап келеді. Мені олардың білімге, ұстаздарға және үлкендерге деген құрметі таңғалдырды. Сондай-ақ маған қытай тілі өте ұнайды. Тілі күрделі болғанымен, оны үйрену қызықты процесс болып шықты, ал тілдік ортада болу оқуды әлдеқайда жылдамдатады», – дейді Астанадағы Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының студенті Ильнара Уздембаева.

Жаппай мәдениет «Қытайлыққа айналу» трендін белсенді түрде қолдап, қытай мәдениетін, құндылықтарын және дәстүрлі өмір салтын кеңінен насихаттап жатқанымен, кейбір авторлар оны мысқыл ретінде қабылдап, «мәдени құндылықтарды мойындау» мен «мәдени appropriation» арасындағы шекара туралы пікірталас тудырды. Сыншылардың пікірінше, бұл тренд көбіне үстірт білім мен «ыңғайлылыққа» негізделген, ал сол мәдениетті шынайы тасымалдаушылардың өмірін толық көрсете алмайды. Қазір бұл құбылыс әлем зерттеушілерінің назарын аударып, қытай мәдениеті мен өзге әлем арасындағы интеграцияны зерттеу нысанына айналып отыр.

«Меніңше, бұл феномен тек Батыста емес, бүкіл әлемде танымал. Оның бір себебі – қытайдың дәстүрлі медицинасы. Батыстың дәлелді медицинасына қарағанда, қытай медицинасы профилактикаға көбірек мән береді: аяқ-қолды жылы ұстау, күріш қайнатпасын, шөп тұнбасын немесе ыстық су ішу арқылы асқазан мәселелерінің алдын алып, ағза тепе-теңдігін сақтау. Жалпы, бұл әлемдегі салауатты өмір салтының танымал болуымен байланысты деп ойлаймын: нутрициологтар, health-коучтар, фитнес пен йога арқылы. Екінші себеп – Қытайдың технологиялық әрі прогрессивті елге айналуы. Ел жарық жылдамдығымен дамып, экономика мен бизнес саласындағы ірі державаларды басып озды. Мысалы, Mercedes секілді брендтермен бәсекеге түсе алады. Қытай ғарышта да, медицинада да, жасанды интеллект саласында да ешкімнен кем түспейді және бұл үлкен қызығушылық тудырады», – дейді халықаралық қатынастар саласындағы PhD Асель Зейтенова.

Әлеуметтік желілердегі бұл тренд Қытайға деген жастардың оң көзқарасының артуымен байланыстырылып, «жұмсақ күштің» көрінісі ретінде қарастырылып жүр. Кей сарапшылар мұны АҚШ-тың ішкі саясатына көңілі толмаудан және балама модель іздеуден туған реакция деп санайды. Сондай-ақ TikTok секілді қытай технологияларының жаһандық интернет мәдениетіне ықпалы және Қытайдың әлеуметтік платформаларды өзінің имиджін жақсарту үшін пайдалануы да атап өтіледі.

«Меніңше, Қытайдың жұмсақ күші – soft power – қазір әлемде қатты сезіліп тұр. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда. Қақтығыссыз әрекет ету және мақсатыңа жұмсақ, біртіндеп жету тәсілі де өз әсерін береді. Бәлкім, Батыс жастарының саяси шешімдерге көңілі толмауы оларды қытай мәдениетіне, өмір салтына, саясаткерлеріне және Қытайдың экономикалық-саяси даму жолына назар аударуға итермелеген шығар», – деп түйіндеді зерттеуші.

Қытай билігі бұл трендке оң көзқарас танытып, елдің күнделікті өміріне қызығушылықтың артқанын атап өтті. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь мұны қытай мәдениетін дәстүрлі символдардан тыс тереңірек түсінудің белгісі деп бағалады. Сонымен қатар Қытай БАҚ-тары да бұл трендтің танымалдығын шетелде қытайлық өмір салтын насихаттау үшін белсенді пайдаланып отыр.