Артында екі қызы қалды: Талғарда әкесінің қабірінен келе жатқан жігітті пышақтап кетті

Артында екі қызы қалды: Талғарда әкесінің қабірінен келе жатқан жігітті пышақтап кетті
видеодан скриншот

Алматы облысы Талғар ауданында қаза тапқан 24 жастағы Жанасыл Сәрсенбайдың туыстары марқұмның артында бір жасар екі қызы қалғанын айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайты.

Жанасыл Сәрсенбайдың жақындарының сөзінше, күдіктілер бұған дейін де ауыл тұрғындарына түнгі уақытта тиісіп, мазаларын алған.

Марқұмның отбасы үш жігіт Жанасылды әкесінің қабірі орналасқан зираттан бастап аңдып келгенін айтады. Кейін үйінің маңында, інісінің көзінше оған пышақ жарақатын салған. Қаза тапқан жігіттің анасы кінәлілерге қатаң жаза беруді талап етіп отыр.

"Балам жүгіріп келіп: "Ағамды пышақтап кетті" деді. Мен киініп, аулаға шықтым. Жанасылды көрдім. Ол тізерлеп отыр екен. Құшақтап алдым. Оның ауыр дем алып жатқанын естідім. Біз оны ауруханаға апардық. Бірақ онда ешкім болмады. Сосын Жетігендегі ауруханаға бардық. Дәрігерлер кеш болып кеткенін айтты", – деді марқұмның анасы Алмагүл Нұрғызат.

Қылмысқа куә болған Жанасылдың інісі өз өміріне қауіптенетінін айтып, жүзін көрсетуден бас тартқан.

Оның айтуынша, үш адам мінген көлік ағалы-інілі екеуін әкесінің қабіріне барған зираттан бастап үйіне дейін қуып келген.

Жастар алдымен олардың жолын бөгеген. Жанасыл ауылдастарынан жолды босатуды сұрап, белгі берген. Бірақ олар көлікті алып тастамаған. Сол кезде Жанасыл оларды жоғары жылдамдықпен айналып өтпек болған. Болжам бойынша, күдіктілерді осы жағдай ашуландырған.

"Біз оларды жоғары жылдамдықпен айналып өттік. Бірақ олар артымыздан қуып, сигнал беріп келді. Біз мән бермедік. Тоқтамай үйге дейін жеттік. Көлікті қойдық. Олар да тоқтап, көліктен түсті. Біз олардың қолында пышақ бар деп ойламадық. Біреуі келіп, үндеместен ағама екі рет пышақ сұқты. Сосын олар бірден көлікке отырып, қашып кетті. Олар өздерін дұрыс ұстамады. Мас күйде болды", – деді марқұмның інісі.

Жанасыл Сәрсенбайдың отбасының айтуынша, марқұмның артында бір жасар екі қызы қалды.