Елімізде зейнетақы төлемі 3,5 трлн теңгеден асты — Министрлік мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 19 қар. 2025 16:45

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 2 млн 516 мың зейнеткер бар. Жыл басынан бері республикалық бюджеттен жалпы 3 трлн 512,7 млрд теңге зейнетақы төленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атап айтатық болсақ, базалық зейнетақыға – 1 трлн 137,2 млрд теңге,ынтымақты зейнетақыға – 2 трлн 375,5 млрд теңге бағытталды.

Орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 142 744 теңге болып, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 167 теңге, базалық зейнетақы – 47 577 теңгені құрайды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:

  • базалық зейнетақы инфляция деңгейінен 2%-ға озып, 6,5% өсті,
  • ынтымақты зейнетақы – 8,5% артты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан ең жоғары 120%-ына дейін кезең-кезеңімен өсіріледі. Мысалы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:

  • базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 32 360 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы),
  • ең жоғарғы мөлшері – 50 851 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ы).

Министрлік атап өткендей, базалық зейнетақы әрбір зейнеткердің еңбек өтіліне байланысты есептеледі:

  • еңбек өтілі 10 жылға дейін болса – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы,
  • 20 жыл болса – 90%,
  • 30 жыл немесе одан көп болса – 110%.

Сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты және толық көлемде аударылған сайын, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы мөлшері де жоғары болады.

Министрлік хабарлағандай, зейнетақы төлемдері зейнеткерлікке дейінгі орташа айлық табыс пен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне (кемінде 6 ай қажет) байланысты есептеледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар