АУЫЛШЫЛДЫҚ СИНДРОМЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ САЛДАРЛАРЫ
Қазақ тілінде жазатын жазушылардың арасында Ресейдегідей ауылшылдыққа қарсы дәйекті және тегеурінді қарсылық көресте алатын қала зиялысының болмауы, биліктің қоғамдық ғылым өкілдеріне бұл мәселеге араласуға тиым салуы, баспасөздің осы бағытты үнемі және қызу қолдаған материалдарды төпелеп беріп отыруы ауылшылдық вирусының бұқаралық сананы толық меңдеп алуын қамтамасыз етті. Сол кездегі зиялы қауымның басым көпшілігі қазақтың ауылды жерлерге қоныстанып, тілі мен мәдениетін сонда сақтауы керектігіне шын сенетін болды. Оларға сеніп ерген қазақ халқы бiр тектi ауыл халқы болып қалып, әлеуметтiк артта қалудың тұтас кешенiнің зардабын тартты.
Кеңес билiгiндегi қазақ ұлты 80-жылдардың ортасына қараған шақта әлеуметтік артта қалудың барлық қиындықтарын басынан кешіп, ауыр жағдайда өмір сүріп жатты. «Алыс» деп аталынатын аудандарда, экологиялық апатқа ұшыраған аймақтардың маңында тұратын қазақтар, ол кезде ұрпағы мүгедек, мәдениетi тығырыққа тiрелген, моралi тозған, тiлi тұрмыс аясына тықпаланған, саяси тәуелсiздiк пен әлеуметтiк өрлеуден күдер үзген болатын. Келешекте «ұлт пен тілдің жойылатынын», «бiртұтас Кеңес халқына» қосылып кетудiмойындаған, ең бастысы, рухани тозып, географиялық ұғымға айналған, өркениеттен жырақта қалған, ауыл шаруашылық шикiзатын өндiретiн, коммунистік биліктің арзан еңбек ресурсына айналған болатын.
Әрине, бұл бағыттың жөнсіздігін сезген аздаған мәдениет қайраткерлерiнің арасынан қазақ жастарын ауылды елді мекендерде тұрақтандыруға қарсы болғандар да болды. Олар түбінде халықты қала өркениетінен жырақтатып тастауға болмайтынын ескертті. Бірақ олар сан жағынан өте аз болды. Олардың қарсылығын бұқара қолдамады, айтарын бапасөз жарияламады. Осы бағытқа қарсы идеямен баспасөзге шыққан бірен-саран «авантюристер» ауылшыл қара нөпірден оңбай соққы жеді.
Осылай қазақ әдебиетінде мәдениетті азшылықты жеңіп шыққан мәдениетсіз көпшілік осы уақытқа дейін сол үстемдігін жүргізіп келеді. Соның салдары ретінде Қазақстанда ЕжелгiРимдегiдей, классикалық мәдениеттің орнына, “бұқаралық” деп аталатын, мазмұны таяз, ермекке көбірек ұқсайтын, шаруаның менталитетiне сай, соның талабын қанағаттандыратын, өзгелерге тарала алмайтын, субкультура үстемдігін орнатты.
ТАРИХИ АНАЛОГИЯ
Ежелгі Римде, плебейлер үстемдігі орныққан кезден бастап екі мәдениеттің, екі идеологияның болғаны белгілі. Олардың біріншісі – Рим патрицийлері жасаған классикалық мәдениет. Ол кейіннен дүниежүзіне әйгілі және үлгі болды. Екіншісі – билікке келген плебейлер қолдаған, талғамсыз болса да, төменгі тап өкілдерінің өздері құрайтын әлеуметтік ортадағы тұтынушысының көптігінен таралған субкультура. Талғамы жоғары тұтынушының аздығынан классикалық мәдениеттің орнын субкультураның басуы Рим империясын тығырыққа әкеліп тіреген болатын.
Шынайлығында, плебей атаулының өміршең мәдениет жасауға зауқы да, қауқары да болған емес. Плебей – мәдениетті жасаушы емес, жасалғанды бүлдіруші күш. Плебей мәдениет үшін емес, ермек үшін өмір сүреді. Римнің классикалық мәдениетін бүлдіруімен, қала шаруашылығын ұйымдастыруға құлқының болмауымен, ең бастысы, “нан мен ермекті” ғана өмірлік мақсат тұтқан менталитетiмен, плебейлер адамзат өркениетінің бесігі және үлгісі болған Рим қоғамын құлатқан болатын.
Осылай, қазіргі қазақ әдебиетi негізінен ауыл тұрмысы тақырыбына ғана жазатын, шаруа субкультурасы және контркультурасы деңгейінде өмір сүретін, сонысымен контенті ауылдықтардан өзге бұқараны қызықтырмайтын әдебиет болып қалып отыр. Онда субкультура мен контркультураға тән белгілердің бәрі бар: идеялық бағыты ұлттық-мемлекеттік мүдделерге қайшы, тақырыбы шектеулi, тек шаруаға арналған, сол таптың менталитетiне сай (қазір оның талабын да қанағаттандыра алмайтын), шаруадан өзгелер үшін өзектi емес, көркемдiк орындалу деңгейi төмен, бәсекеге қабiлетсiз, сонысымен сұраныс тудыра алмайды. Қазақ тілін үйренуге сұраныстың төмендігінің басты себептерінің бірін осыдан – заманауи қазақ әдебиеті контентінің қоғам мүшелерінің басым көпшілігінің жүрегіне жол таба алмауынан іздеу керек.
* * *
Қазақ мәдениетiн, көркем өнерiн басқару тұтқаларын ұстап келгендердің дені қарапайым хрестоматиялық қағидаларды санасына сiңiрiп, ой қорытпады, дүниежүзiнiң өзге халықтары сияқты, қазақтың да өркениеттi қаладан iздеуi керек екенiн, ұлт болу үшiн алдымен ұлттық экономиканың негiзгi тұтқаларын – қала өнеркәсiбiн қолға ұстауға ұмтылу қажеттігін, өнеркәсiпте iстейтiн, әлеуметтiк күш ретiнде көрiне алатын ұлттық техника зиялысы болуы керек екенiн түсiнгісі келмеді.
Аграрлық дүниетаным қарапайым амалдармен көз жеткiзуге болатын ақиқаттардың сырына үңiлуге, кенттенудiң бүкiл дүние жүзi халқына және қазiргi замандағы дамуға тән жалпыға бiрдей, әмбебап үдеріс екенiн түсiнуге ырық бермедi. Соның салдарынан омырылу сызығының ауыл жағынан шыққан жазушылардың басым көпшілігі индустриялы өмірге үрке қарауынан жазбады. Олар қоғамның әлеуметтiк даму заңдылықтары тұрғысынан алып қарағанда бұл құбылыстың қазақ халқының ұлттық мүдделерiне де, адамзат тарихының прогресіне де қайшы екендiгiн түсінбеді. Ұлт тағдырын оны тек ауылда тұрақтандырумен шешу идеясының өзi ол баста бүкiладамзаттық өркениет дамуының әмбебап заңдылықтарына қайшы,ұжымдық аутизм болатын.
Қазақ «алпысыншыжылдықтарының» идеясы ғылыми зерттеудің нәтижелерінен қорытылып шығарылған теориядан да, бұл бағыттың халыққа тиімділігін априори көруден де туындаған жоқ. Бұл идея олардың басына қалыптасқан ахуалдан – қазақтың ауылда шоғырланып қалуынан ғана туындады. Қисын өте қарапайым болды: қазақтың көбі ауылда тұрады екен, ендеше, ауылды әспеттей беру керек. Жалпы дамуға қатысты алғанда онысының абсурд болып шығып жатқанымен олардың ісі болмады, ауылдан шығармауға күш салумен, халқын әлеуметтік прогрестен аулақтатып жүргендерін түсіне алмады.
Көркем өнер қайраткерлерінің көбі жергiлiктi ұлт өкiлдерiн қалаға келтiрмеу бағытын ұстанған коммунистiк әкiмшiлiктiң әділетсіз демографиялық саясатының мәнiн де аңғармады. Олардың шарғысын мойнына iлiп алып, әкесiнiң ақылын тыңдағыш балаша, айтқанына иланып, «қазақ жастарын ауылда тұрақтандыру» үшiн барын салып бақты.
Егер қатардағы шаруа бала кезінде алған білімінің жетімсіздігінен белгілі бір тұйық идеялар шеңберінен шыға алмай, күні өтіп кеткен көзқарасымен қалып қойса, оны кешіруге болады: не сұрайсың, ол қатардағы шаруа ғана-ғой. Ал университет бітіріп, қалаға келіп, жәйлі пәтерге еніп, түсімді қызметке орналасып, романдар жазып, томдап таңдамалы бастырып жүрген жазушы бала кезіндегі ауыл мектебінен алған бұлыңғыр түсініктерінен арыла алмай, халқын ауыл резервациясынан шығармауға күш салып жүрсе – мұндай құбылысты қалай квалификациялау керек?
А. Маслоу мұндай құбылысты мәдениеттегі трансценденттік ұғымын қолдану арқылы түсіндіреді. Америкалық ғұламаның сипаттауынша, «трансценденциялылықпен өзін өзектілендіре алған адам – әмбебап адам. Ол – адамзаттың адамы. Ол өзін қоректендірген мәдениеттен жоғары тұр, оған тәуелді емес... Өзін өзектілендіре алған адамдар қоршаған мәдени ортаның әсеріне қыңбайды.... Оның мәдениетке көзқарасы адам белгілі бір күйге түсетін және оны сыншыл, редакторлық, аяусыз көзқараспен бақылайтын психотерапевтік эффектіге ұқсайды,... Ол (төл мәдениетін – Қ.Ж.) сынға алуы, кейде мақұлдауы, талқыға салуы, басқаруы мүмкін, мұның бәрін ол (төл мәдениетін – Қ.Ж.) оңға бастыру, өзгерту үшін істейді». (Маслоу А. Дальние пределы человеческой психики.- СПб.: «Евразия», 1997. 282-б.)
Танымал ғалым-әдіснамашы Л.Феврдың зиялы адам «барлық дәуірдің адамы» бола білуі керек (Февр Л. Чувствительность и история // Бои за историю. «Наука», Москва. 1991. 116-б.) дегені бар. Әрине, барлық адам барлық дәуірдің бел баласы бола алмайды. Ал университеттің дипломын арқалаған, зиялы санатындағы адам ауылда туып, өстім екен деп, есейгенде де көңді ауылында қалып қоймай, жаңа ортаға – индустриялы қоғамға бейімделе алуға міндетті еді. Бірақ қазақ жазушыларының дерліктей бәрі өздері шыққан үңгірінің өкілі болып қалып қойды, индустриялы қоғамның адамына айнала алмады. Саналарында рефлексия, мәдениетте трансценденция жасай алмады, адамзаттың адамы да бола алмады, дәуірдің адамы деңгейіне де көтеріле алмады. Жан дүниесімен жаз болса – жайлаудағы киіз үйінен, қыс болса – сабан жапқан тоқал тамынан шықпай қойды. Барлық жағдайлары – материалдық игіліктері, рухани азығы жеткілікті бола тұра, өркениетті өмірді көре алмады, тани алмады. Жан дүниесін иектеген идиосинкразия психологиясының тұтқынына айналып алып, қалаға, өркениетке қарсы кектенген сезімнің құшағында қала берді.
Халқына жаны ашитын адам оны аймақтан өркениетке қарай бағыттауы – қазақты қаланың зәулім үйлеріне енгізуге, техниканы, технолгияны меңгертуге, осыған дейін өзге жүрттар өкілдері ұстап келген өнеркәсіп және билік тұтқаларын ұстауға таласуға шақыруы керек еді. Халықты ауылдың мешеулігінен, кедейлігінен құтқаруға, қала өркениетін құндылық бағдар ретінде қабылдауға, тіл мен мәдениетті қалаға енгізуге бағыттауы керек еді.
Кеңес кезінде, қазақты қалаға жолатпау мақсатын көздеген, қатаң идеократиялық режимнің үстемдігі жағдайында да, көркемөнер туындылары арқылы халықтың қалаға көбірек ойысуын нәсихаттау мүмкіндігі болмай қойған жоқ. Алғашында гуманитарлық салаларда – білім беру мен мәдениетте, баспасөзде қазақтілді микроортаны қалыптастыруға, біртіндеп өзге салаларға дендеп кіруді нысаналап, бұқараны соған бағыттау керек еді. Ұлт ретінде орнығудың тек қалада, капиталистік өндіріс жағдайында, нарықтық тауар-ақша қатынастары орнағанда жүзеге асырылатынын, оларды шешудің ғылыми және саяси жолдары бар екенін де барлық ЖОО-ның қоғамдық факультеттеріне арналған оқулықтардан тауып алуға мүмкіндік болды. Бірақ, қазақ ауылшылдарының мұны түсінуге интеллект қуаты жетпеді. Олар түгел керісінше әрекет етті, халқын дамудың аграрлық басқышынан көтерілтпеу үшін, шаруашылығын индустриялы әдіспен жүргізетін азаматтық қоғамға жеткізбеу үшін, қалаға, өркениетке кесе көлденең қойып, сірескен, белсенді күрес жүргізді. Өркениетке қарсы оқырманының өшпенділік сезімдерін шабақтауды жалғастыра берді. Әрине, олар өз халқына қастандықты сатқындықтан жасаған жоқ. Ауылшыл қазақ жазушылары алжасушылықтың тарихи үлгісін білместіктен, рухани қораштығынан, рухани біліксіздігінен, саяси сауатсыздығынан жасады.
Әрине, тарихтан орын алған, қоғамдық сипаттағы қателері үшін кінәліні іздеу, оларды жазалау әрекеттерін жасау ізгілікке жатпайды. Дегенмен, қазіргі қазақтың әлеуметтік-рухани аялардағы мәселелерінің бірін де шеше алмай, «тәуелсіздігімізді сақтай аламыз ба, алмаймыз ба» деп, «сақтай алмасақ, енді кімнің отары болғанымыз дұрыс» деп, омалып отыруына алып келген фактор туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Өткенге сарап тарихи қателіктердің келешекте қайталанбауы үшін, ұрпақты тағы адастырмау үшін қажет. Түптеп келгенде, қазақты өркениеттің омырылу сызығының арғы жағында қалдыру бағытын ұстанып келген жазушыларды моральдық жауапкершіліктен ешкім арашалап ала алмайды. Егер кімде-кім, В.Шукшиннен үлгі алып, өз әрекеттерінің келеңсіздігін мойындап жатса, оларға түсіністікпен қарау керек.
* * *
Егер жазушылар ауыл өмірін шынайы сипаттап, айшықты бейнелер жасаған татымды туындылар бере берсе, оған ешкім ештеңе демес еді. Ешкім ауыл туралы неге көп жазасыңдар деген сұрақ қоймас еді. Мәселенің үлкені басқада – қазақ жазушыларының, жарты ғасырдан астам уақыт бойы, халқын артта қалған аграрлы басқыштан шығармай, индустриялы қоғамға қарсы қоя отырып, соның салдарынан ұлтын дамудың барлық параметрлері бойынша артта қалдырып, тағдырын мейілінше шиеленістіру жағдайына әкеліп соқтыруында, сонысымен, туған халқына өзге ешкім жасай алмайтын кесірдің ең ірісін жасауында болып отыр.
Идея мен дүниетаным арасындағы байланыстардың тереңде жатқан сырларын кезінде ағылшын философы Джон Локк талдап, түсіндіріп берген еді. Оның топшылауынша: «Ақылдың ойлауы мен зерделеуінде ол қарайтын және қарай алатын бір-ақ нәрсе бар – ол өзінің меншікті идеялары, өзге төте объект жоқ. Біздің танымымыз тек сол идеяларға ғана қатысты» [Джон Локк. Опыт о человеческом разумении // Соч. Т. 2. М.: Мысль, 1985. 3-б.]. Бұл тұстан қазақ ауылшылдарының дүниетаным аясының тарлығының ақылдың зерделеуін тежеу айғағын көруге болады. Тиісінше, зерденің тежелуі оларды идеялық лағуға әкеліп тіреген. Жетекші идея ретінде ауылды нысаналаған олар рухани дамудың өзге аяларында болып жатқан құбылыстарды тани алмады, ауылдан өзге кеңістікте, индустриялы қоғамның өмір аяларында бағыттық қателерге жол берді, ана тілі мен ұлттық мәдениеттің мәселелерінің бірде-бірін тыңғылықты шеше алмады, тиянақты іс тындыра алмады, келешекке, жас ұрпаққа татымды ештеңе ұсына алмады.
Соның салдары ретінде, қазақ көркем әдебиетi барлық жанрлар бойынша мүшкiл халге түсті. Қазiр қай жанрды алсаң да сему құбылысы байқалады, тоқырау белгілері менмұндалап тұр. Көркем өнер мен оның тұтынушылары арасындағы байланыс мүлдем үзілуге жақын. Мәдениет туындыларын, шет жұрттықтарды айтпағанда, Қазақстан қоғамы мүшелерінің, соның ішінде қазақ ұлты өкілдерінің өздері толығымен қабылдамайды, қазақ тілін біледі деп есептелінетіндер, оның да бәрі емес, белгілі бір бөлігі – жастайынан көркем әдебиет оқып өскен егде адамдар, тіл мен әдебит сабағының мұғалімдері... ғана тұтынады.
СЫНАУ ЕМЕС, ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҚАЖЕТ
Жазушылар арасында жариялылық пен ашықтықтың жетіспеуінен, бұрыннан мандымай, екі аяғын тең басып кете алмай жүрген бір жанр бар. Ол – сын жанры. Қазақта ешқашан «сын түзелген емес», соның салдарынан «мін де түзелмеді». Әдебиетте имманентті кемшіліктер үнемі айтылғанымен, іс жүзінде ол кемшіліктер үнемі қайталанады. Алға жылжу мардымсыз. Бір орында таптап тұру бар, кейде кері кету бар. Жылт еткен бір жаңалықтың артында, ойсыраған омырылу бар.
Ашықтық пен жариялылықтың болмауынан, қазақ сыны еркін емес, әлдебір виртуал факторларға тәуелді. Сыншы сызылып тасталған шеңберден шыға алмайды. Сын мәдениетінің төмендігінен, әдетте, адресантта объективтілік бола бермейді. Сынның біреуді ұру үшін айтылатын кездері де аз болмайды. Мақтайтын, жартылай мақтайтын шығармаларды сыншы алдын ала біліп отырады. Сыналған адресат қарсы күреске шығады. Соның салдарынан, сын жүрген жерде ылғи «бас жарылып, көз шығып» жатады.
Қазақ сыншылары шығарманы кең таралған әдеби категориялармен үстірт талдайды: тақырыбы анадай екен, кейіпкерлері мынадай екен, сюжеті сылбыр екен, тілі былжыр екен,.. деген шамада. Немесе қай жылдары, кімнің не жазғанын тізіп шығады. Мұны әдеби үдеріске шолу деп атайды.
Кеңес қазақ әдебиетінде сын идеологияға тәуелді болды. Көркем шығарманың құндылық критериі ретінде жоғарыдан социалистік реализм туралы теория түсірілді. Сыншылардың осы теория аясынан шығуға қақысы болмады. Бұл бағыттың басты теоретигі академик М.Қаратаевтың қазақ әдебиетінде социалистік реализмнің қалыптасуы туралы еңбегі Кеңес кезіндегі қазақ сынының шыңы болып есептелді. Өзге сыншылар мен әдебиет теориясын зерттеушілер де осы маңайдан табылды. Ал тәуелсіздіктен кейін социалистік реализмнің бағыты ретінде ғылыми дәйексіздігі әшкереленіп қалды. Бұл Кеңес кезіндегі қазақ сынының адасып жүргенін айғақтап берген құбылыс болды.
Орыс сыншысы В.Белинский былай деген еді: «Сын және өнер. Екеуі қосылғанда дәуірдің санасына тең. Ал сын дегеніміз – философиялық сана, өнер – сананың өзі (Белинский В.Г. Речь о критике // СС. Т.5. М.: Художественная литература, 1979. 67-б.). Орыс сыншысының ойын заманауи философ-постмодернист Ю.Хабермас былай сабақтастырады: «философия мен әдебиеттің арасындағы жанрлық айырмашылық өте аз, сондықтан философиялық мәтіндер өзінің төл мағынасында әдеби-сыншылдық тұрғыдан талдап түсіндіруге ыңғайлы болып тұрады» [Хабермас Ю. Философский дискурс о модерне. – М.: «Весь мир». 2003. С. 198.].
Айтса айтқандай, біздің сыншыларымыздың философиялық санасы тым таяз болды. Олар көркем шығарманы тек онтологиялық сипаттамалары тұрғысынан ғана талдады, әдебиеттің функциясы, мұраты және оның бұқаралық санаға әсері туралы мәселелер үнемі күңгірт қалып отырды. Сол себептен, қазақ әдебиеті халықты ғасырлық ұйқысынан оятушы функциясын атқара алмады, шаруаның соңынан еруші күйінде қала берді. Сын көркем шығарманың идеялық нысанасын халықтың әлеуметтік мұраты тұрғысынан түсіндіріп бере алмады. Қазақ әдебиеті Кеңес басшыларының қазақты ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін арзан жұмыс күшіне айналдыруды көздеген әлеуметтік саясатын жүзеге асыру үдерісіндегі сойыл соғушысына айналды. Бұл міндетін ол ұзақ және тәуір орындады.
Қазақ жазушыларының көбінің құбылыстың саяси-әлеуметтік және құқықтық астарларына үңілуге шамалары жетпеді. Олар ұлттық мүдделер мен демократиялық құндылықтардың да мәнін түсіне алмады. Либералдық сана, саяси сауат, демократиялық мәдениет жетпегендіктен, өздерін әр қашан да қоғамдық үдерістерден, саясаттан тыс ұстады. Ал әдебиет болса, пайдасынан зияны мол, лаққан идеологиялық ағыстарға толы болды, дүниетанымдық функциясын ойдағыдай атқара алмайды. Қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстардың себептерін теріс түсіндіру созылмалы сырқатқа айналып, оның кесірі ұлттық мәдениетке соққы болып тиіп жатты.
Тұшымды қорытынды шығаруға болмайтын, ғылыми дәйексіз түсіндіруге иланып, басына оралған тұманнан айыға алмай, «қаңғыртқан мен үркіткенге» қарғыс айтып қана, түк бітірмей отыра беру қазақтың әдетіне айналған. «Айлалы қоғамның әккі саясатына» біз неге қарсы тұра алмадық, өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, онда бізді кім қорғамақ?» деген сұрақтарға жауап ізделмеді. Батыс постмодернінің өкілі М.Блоктың “ешқашан mea culpa (кінә менен) деп бастаудың зияны болмас еді» (Блок М. Апология истории или ремесло историка. М.: «Наука», 1986. – 19-б.) дегенін ешкім есіне түсірмеді. «Бәріне өзіміз, саяси күресті дұрыс жүргізе алмаған өзіміздің қараңғылығымыз кінәлі емес пе?», – дейтін әдебиетші болмады. «Тағдырға жалбарынып, ыңырси бергенді қояйық; Енді бұдан былай кім тарапынан, қандай әккі саясат жүргізілсе де, қаңғырмаудың, үрікпеудің жолын табайық; Басқа түскен қырсықтың себебін өзгеге аудармайық; Қараңғылықты серпіп тастайық, саяси-құқықтық сауатымызды көтерейік, белсенділігімізді арттырайық; Жаңа мәдениетті, бәсекеге қабілетті қоғамды құру өзіміздің міндетіміз; Еркін адамдарша алға ұмтылып, ерлерше жетістікке өз күшімізбен жетейік; Өз тағдырымызды өзіміз қолға алайық» деген бағдар ұсталмады, әрекетке бастайтын лебіз естілмеді. Сол бұрынғыша, «сұм уақыт, айлалы қоғам, әккі саясат қайта оралмаса екен» деп, алақан жайып, аспанға қарау ғана болды. Осылай қазақ жазушылары өткеннің сұрғылт оқиғаларын айтып зар илеуден, келесі «айдың оңынан туғанын» құдайдан жалбарына сұрап, бет сипаудан арыға бара алмады, елін күншуаққа, пәрменді әрекетке қарай бастайтын, оқырманды жасампаздыққа жетелейтін тегеуріні мен рухы бар шығарма бере алмады. Бұл қазақ әдебиетінің дүниетанымдық функциясын атқара алмай отырғанын паш етеді.
Қазақ жұрты «тауып айтатындарға», қызыл сөздің артынан қашаған қуғандай түсетіндерге әр қашан да кенде болған емес. Қайдағы бір виртуал кеңістіктегі, тұтатын ілігі жоқ, тиянақсыз, аморфты бірдеңе туралы ұйқастыра, лепіре сөйлеп тұрған «шешеннің» айтқандарына бас шұлғып, қол соғып отыра беруді әдетке айналдырып алған. Айналаны қоршаған дүниені дұрыс тани алмағандықтан, қайдағы бір сағымның соңынан ілесіп, үнемі жорта беруді әдетке айналдырып алған.
Көркем өнердің көп функциялы болуы керектігі туралы В.Белинский бастаған орыс сыншылары аз жазған жоқ. Көркем өнердің алдына қойылатын міндеттердің бастыларының бірі оның бұқараға айналада болып жатқан құбылыстардың сырларын санаға сіңімді сипаттап бере алуында. Демек, кез келген көркем шығарма өмірлік практикада болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды көркемдік-эстетикалық әдіспен репрезентациялап бере алуымен қатар, ол бұқараның дүниені тану көкжиегін кеңейтуге, әсіресе, басқару-бағыну аяларында болып жатқан оқиғаларды саяси-философиялық және танымдық тұрғыдан объективті түсіндіріп беруге міндетті еді.
Әдебиеттің төл функциясын – бұқараның таным көкжиегін кеңейту міндетін атқара алмауының, керісінше халқын мешеу әлеуметтік ортадан шығармауға тырысуының, сынның адуынсыздығының түпкілікті себебі қазақ философиясында. Кеңес билігі жылдарында қазақ тілінде татымды философиялық шығармалар жазылған жоқ. Аздаған қазақ философтарының орыс тілінде коммунистік идеология рухындағы, «диалектиканың қазақстандық мектебі» шеңберіндегі ой кешулерінде рухани дамуды қазақ ұлты мүдделері тұрғысынан қарастырған туындылар болған жоқ. Сондықтан, қазақтың рухани аспанында болып жатқан құбылыстардың сырлары толық ашылмай қалды. Осы үрдіс әлі сақталып келеді.
ҚҰБЫЛЫСТЫҢ СЫРЫ НЕДЕ? АРЕАЛДЫ ЛИНГВИСТИКА
Ендігі мәселе қалыптасқан ахуалдың себебін анықтауда және бұдан былай не істеу керек екендігін дұрыс бағдарлап ала білуде болса керек. Соңғы жарты ғасыр қазақ әдебиеті өнеркәсіп тақырыбын игеруі керектігін көтерген ұранмен өтті. Қазақ жазушыларының алдына өндiрiс тақырыбына шығармалар жазу мiндеттерi үнемі қойылып отырды. Бірақ, олар бұрынғыша отбасы мен ошақ қасының оқиғаларынан сюжет құрудан, ауыл өмiрi және туыстар арасындағы қатынастарды сипаттаудан алыстап кете алмады. Қазiргi аласапыран реформалар заманында, әнді қойып, роман мен эпопеяға қақтығысты сюжет боларлықтай оқиғалар күн сайын болып жатқанда, қоғамда көрініс берген бір құбылысты, орын алған бір оқиғаны немесе индивидум өмірінің бір мезетін саяси немесе әлеуметтік мән шығаратындай, қазақтан басқаға да түсінікті болатындай деңгейде көркемдеп сипаттап беруге қазақ авторларының шығармашылық қуаты жетпеді. Неге?
Бұл құбылыстың сырын ареалды лингвистиканың қағидаларына сүйене отырып, түсіндіріп беру қиын емес. Аграрлы қоғам адамының лингвемасы ауыл тұрмысы мен мал шаруашылығына қатыстыларды бейнелеуге жетеді, өзге, индустриялы салаларда болып жатқанды сипаттауға жетпейді. Біздің жазушыларымыздың тілі, тиісінше, ойы мен әрекеті де, сол аграрлы қоғам кемерінен аса алмай, тұйықталып қалған. Ұлттық көркем өнердің мазмұнының агротроптылығы ауыл адамының лингвемасының аграрлық сипатымен – вилланолектісімен шарттандырылып тасталған. Енді ол мазмұн жазушылардың когнитивтік кеңістігінде айнадағыдай көрініс беруде. Санасына менталдық деңгейде мығым орнаған ауылшыл идеядан сытылып шығуға жазушының интеллектілік қуаты мен еріктік шамасы жетпейді.
Психолингвистика қағидалары бойынша адам өзiнiң сөздiк қорында жоқты iс жүзiне асыра алмайды. Ал өзге кеңістіктегі шынайылықты, индустриялы қоғам өмірінде болып жатқан оқиғаларды, құбылыстарды, үдерістерді сипаттауға адекватты лексикалық корпус – индустриялы қоғам адамының лингвемасы және оны пайдаланып, урбанолект стилінде сөйлей білу қажет. Сол себептен, өркениет сатысының аграрлы басқышында тұрған қазақ жазушылары индустриялы қоғам өкілінің бейнесін жасай алмады.
Авторлар санасында тіл-ой-әрекет детерминациясының болмауынан, олардың индустриялы қоғам өміріне бейімделе алмауынан, өзін өзектілендіре алмауынан, бала кездерінен таныс қой мен қасқырдан, жайлаудағы немесе қыстаудағы оқиғалардан басқаға көз салмады. Ауылдан басқа өзге де елдi мекен болатынын, екi ауылдың ортасын жалғастыратын қара жолдың шаңын бұрқыратып, әлдекімді «сағынып» кетіп бара жатқаннан басқа да өмiр бар екенiн ескермедi. Олардың өзге географиялық кеңстікте болып жатқан жайларды сипаттауына лексикалық ресурсы, ойлау энергиясы жетіспейді, көркем өнерге тиек боларлық өмірлік материалды (ішінара тарихи тақырыптарға қалам тартудан басқаны) көре алмады.
Жалпы, қазақ зиялылары ауылда мәдениет жасалмайды деген қағидамен санасуы керек. Онда білім сапасы да жақсармайды. Ауылдағы білім мен мәдениетің ең төменгі деңгейде қалып отыруы ондағы әлеуметтік жағдаймен шарттандырылып тасталған.
Ауыл лингвемасында жасалып жатқан туындылар рентабельділікке қол жеткізе алмайды, көпшіліктің сұранысын тудыратындай деңгейге көтеріле алмайды. Бұл – сырттай қарағанда солай көрінетіндей, әдебиетке кесілген үкім емес, социо-экстра-ареалды-лингвистикалық зерттеулердің нәтижелерінен қорытылып шығарылған тұжырым. Мәселе мынада: қазақ тілі индустриялы қоғамның тіліне айналмай, ол тілде индустриялы қоғам адамының рухани талабын қанағаттандыратын көркем өнер жасалмайды. Бар қырсықтың бастауы қазақ тілінің аграрлы қоғам адамының лингвемасы сапасында, тұйықталған алапта қалып қойып, аномалды қолданылуынан болып отыр.
Шын мәніндегі классика деңгейінде көркем дүние жасаймын деген жазушы бәрінен бұрын өзінде төмендегідей рухани факторлардың қамтамасыздығын ойлауы керек. Алдымен керегі индустриялы қоғам өміріне лайықталған грамматикамен реттелген тілдің жеткілікті лексикалық қорының болуы. Былайша айтқанда, лексикалық ресурс қамтамасыздығы жағдайында, нақты ажыратылған стильде, сөз орнықтылығы сақталатын семантикалық жүйені меңгеру деген сөз. Сонан кейін сананы индустрияландыру, ауыл шеңберінен шығып кете алатын трансцендентті дүниетанымның болуы, өмірде орын алған констелляцияны аңғару, арасынан көркем өнерге объект бола алатындарын іріктеп ала білу керек. Ол үшін жазушыға интеллектілік қарым кеңдігі қажет.
Тілдің сөздік қорын толықтыру, индивидтің интеллектілік қарымдылығын кеңейту – бұлар іске асырылуы аса қиын шаруа емес. Заманауи ақпараттық технологиямен оған қол жеткізу қиын емес. Тек бұлардың маңыздылығын, қажеттілігін тұшынып, сезіну керек, әрекет ету керек. Бірақ, қазақта осы болмай отыр. Әрекетсіздіктің себебі – жеке бас еркіндігінің болмауы. Ол адамды алға жылжытпайды, ерікті адым басуға жібермейді. Рухани жұтаңдық, жариялылықтың болмауы, буалдыр цензура қазақтардың кемшілігін айтқызбауға, мәселені талқылатпауға, пайдалы шешім қабылдаттырмауға жеткізіп отыр. Осылай, қазақ тек билікке қарап ауыз ашып отыра беретін, рухани жүдеуліктің құрсауына түсіп алып, толық әрекетсіздікке әбден бой алдырған.
Тіл-ой-әрекет триадасының бірінші және үшінші буындарының арасындағы байланыстарға көңіл аударған ресейлік профессор В.Харченко «сөздік қордың кедейлігі кедейліктің ең қауіпті түрі – шешім қабылдаудағы кедейлікке әкеліп соқтырады» [Харченко В. Русский язык: бедность или богатство? «Знамя» 2006, № 6. 187-б.] деп түйіндеген екен. Айтса – айтқандай, ұлттың рухани дағдарысы тіл-ой-әрекет детерминациясының барлық буындарынан көрініс береді, қазақтың жан әлемін түгел қамтыған. Соның салдарынан адекватты ойлай алмау, идея тапшылығы және теріс әрекеттер орын алуда. Былайша айтқанда, қазақтың рухани әлемі тарихи дамудың индустриялы басқышында тұрған, азаматтық қоғам құрған халықтардың жан әлемінен өзгеше болып қалып отыр.
Көркемдiктiң өзi де салыстырмалы. XX ғасырдың екiншi жартысы мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тiлiнде жазылған, өзімізде мықты деп бағаланған аздаған көркем шығармалар дүниежүзiлiк деңгейден қарағанда бестселлер қатарына қосыла алмайды, кейбіреулері орта қол туындылардың арасына да кіре алмайды, дүниежүзiлiк нарықта бәсекеге қабiлеттi емес. Өзге тілге аударылған еңбектер көбінесе конъюнктуралық есеппен немесе ақы төлеп аударылған, заманауи оқырманның сұранысына ие бола алғандары шамалы.
Қазақ жазушыларының өздерінің сауат пен талғам тапшылығынан зардап шегiп, ауылда қойшы немесе тракторшы болып жүрген кездерiнде сезiмге бөленiп, тамсанып оқығандары қазiргі қазақ оқырманын сондай сезiмге бөлемейді де, тамсандырмайды да. Кезiнде қазақ арасында тәуiр деп танылған жазушылардың мектеп бағдарламаларына енген шығармалары қазiргi оқушыны селт еткiзбейдi. Қазiр бұл шығармаларды, өзгенi қойып, сол жазушылардың өздерiнiң балалары мен немерелерi де оқымайды. Өйткені, олар жаһандану, кенттену, ақпараттану толқындары iлестiрiп әкеткен, азаматтық қоғамның азат адамы үшiн дәйектi ақпарат көзi бола алмайды, оған әсер бере алмайды, олардың менталитетiне жат, өзектi емес, компетенттiгiн қалыптастыруға септiгiн тигiзбейдi.
ӘДЕБИЕТ ДЕМОКРАТИЯЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК
Әдетте авторитарлық режимдер орныққан елдерде мазмұны мен идеясы билікке жақпағандықтан жарық көре алмайтын шығармалар ұшырасып жатады. Қазақстанда диссиденттік шығармалар жоқтың қасында. Мұның себебі қоғамда ашықтықтың, жариялылықтың жеткіліксіздігінен ғана емес, тағы да сол, қазақ қаламгерлерінің бұйығылығымен, өткір мәселелерді алға тартудан қаймығатынымен, қаһарман таңдау және шығарманың идеялық бағдарын айқындауда биліктегілердің әлсіз жерін аңдып отырып, соларға жағатынды ғана іздейтінімен, ескі сүрлеуді шиырлай беретінімен түсіндіріледі. Шығармашылық зерделеуден, ізденістен, батыл сөз айтудан аулақ болу қазақ авторларына таңылып тасталған. Олар ашық ойындағысын айтуға, өзгелерге түсіндіруге тырыспайды.
Алдыңғы қатарлы елдердің даму тәжірибесі көрсеткендей, көркем өнердің дамуына қажетті басты шарт – қоғамда шынайы демократияның болуы. Өйткені, «әдебиеттің тағдыры оның цензураға түспей, демократиялық еркіндік кеңістігіне (сөз еркіндігімен, пікір еркіндігімен т.б.) шығып кете алуына байланысты. Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет жоқ» [Деррида Жак. Эссе об имени / СПб.: Алетейя, 1998. – 49-50-б.б.]. Қандай жағдайда болса да, оларды айыруға болмайды. «Белгілі бір әдеби шығарманың цензураға ұшырауы демократияға төнген қауіптің көрінісі болып табылады, мұндаймен келісуге болмайды» (сонда. 50-б.). Демек, қазақ ұлттық өнерінің тығырыққа тірелуінің себептерін де Қазақстан қоғамындағы демократиялылықтың жетіспеуінен іздеу керек.
* * *
Қазіргі қазақ мәдениетінің мәселелері туралы орыс тілінде жарияланған зерттеулерде бір қатар тұщымды пікірлер бар. Зерттеушi Г.Шалабаеваның пiшiндеуiнше «мәдени дәстүрдiжалғастырушы – оны өзiнiң рухани болмысына айналдырушы, оны жаңадан қайта құрушы. Әр адаммен бiрге мәдениет өткеннен қазiргiге секiрiс жасауы керек» [Шалабаева Г.К. Этнос. Культура. Самосознание. – Алматы.: Атамұра, 1995. 188-б]. Ал қазiргi қазақ ұлттық мәдениетiн жасаушылар кешегiден бүгiнге қарай өздерi де секiре алмай, өздерiмен бiрге мәдениеттi де секiрте алмай отыр. Оларда «ұлттық мәдени дәстүрдi бүгiнгi күннiң дүниетанымы тұрғысынан қайта қарау, этностың дүниенi сезiнуiн жетiлдiру» (сонда. 188-б.) жағы қолға алынбай отыр.
Тәуелсiздiк жылдарында жекелеген авторлардың жетiстiктерiне қарамастан, тұтастай алғанда ұлттық мәдениет, соның iшiнде көркем әдебиет тоқыраудан шыға алмады. Қазақ тiлiнде мәдениет туындыларын жасаушылар болып жатқан iрi саяси оқиғалардың мәнiн қазiргi заман адамының талғамына сай, жоғары көркемдiк деңгейде сипаттаған шығармаларды дүниеге әкеле алмады. Жазған кітаптары оқылмады, газеттер мен журналдары әкімшілік пәрменмен таратылды; ешкімді қызықтырмайтын телеберілімдермен эфирлік уақытты толтырды, сонысымен жастардың намысына тидi, оларды қазақ өнерiнен жерiттi, өзгелердiң өнерiнiң соңынан еруге мәжбүрледi.
Оқырман әр танымал жазушының соңғы шығармасын iздеп жүрiп оқымаса, көрермен театрдың әр қойылымына билеттi таласып алып жатпаса, ізденуші ғылымда қандай жаңалықтар ашылып жатқанына тәнті болмаса, бұқара күнделiктi ақпаратқа ынтықпаса, ата-ана мектепте не оқытылып жатқанына араласпаса, ол – сол тілде жасалып жатқан рухани игіліктердің көмескiлене бастағанының, қазақ тiлдi өнердің, білімнің, баспасөздің көпшiлiкпен түсiнiстiк таба алмағанының көрiнiсi. Ал тiл, белгілі ғалым Х.-Г. Гадамер айтқандай, сол тiлдiқолдаушылармен «өзара түсiнiстiк жүзеге асырылғанда ғана нағыз болмысына ие болады» [Гадамер Х.-Г. Истина и метод: Основы филос. герменевтики.- М.: Прогресс, 1988. 516-б].
* * *
Қазiр бұқараның көркем әдебиеттi оқуының азайып, өзге аудио-көрiнiстi ақпарат құралдарын пайдалануға ден қойып кету үдерісінің бар екенiн әркім біледі. Бұдан қазiргiоқырманға әдебиеттiң керегi жоқ деген ұғым тумауы керек. Өзге тiлдерде жазатын авторлардың шет тiлдерiне аударылып, қолдан қолға тарап жүрген шығармалары баршылық. Порнография мен атыс-шабыс емес, кәдуелгi адамның өмiрлiк болмысы, қызметi, сезiмi, арманы, тағдыры, өмiрiнiң мәнi туралы терең ой салатын, заманауи және өзектi шығармалар бар. Солардың бірі – дүниежүзiне танымал жазушы Пауло Коэльоның кітаптары.
Ретіне қарай айта кету керек, танымал жазушы былай дейді: «Әлемнiң рухы адамның бақытынан нәр алады. Адамның бiрден бiр мiндетi – ақырына дейiн өз Тағдырын жасау. Бар мән – осында. Егер Сiздiң зауқыңыз соқса, қалауыңыздың жүзеге асуына бүкiл әлем селбеседi» [Коэльо Пауло. Алхимик. – К.: «София», 2004. – 208 б. ]. Адамзат тарихы осы қағиданың дұрыстығын үнемi дәлелдеп келедi. Дағдарыс қаншалықты терең болса да, одан шыққысы келген қоғам сытылып шыға алады. Өйткенi, жақсылық үшiн күрес басталғанда оны қолдау өзiнен-өзi көбейе бастайды. Қазіргі қазақ мәдениет қайраткерлері осыны түсінуі керек, тұңғиыққа батып бара жатқанын зарлап айтуды қойып, мәдениетті бәсекеге қабілетті етудің жолдарын мықтап іздестіруі және сол жолда тайсалмай, табанды ілгерілей беруі керек. Сонда бар түйіннің шешуі олардың өз қолында болар еді.
Алайда қазақ мәдениет қайраткерлерінде басқа түскенді күңірене, күрсіне баяндау, көбінесе пессимистік сарынға бой алдыру, пәрменді әрекетті тек биліктен күту бар. Мұны ұлттық сипат алып кеткен, шаруа дүниетанымының көрінісі деп қарау керек. Өйткені, А.Швейцер атап өткендей, «мәдениет пен дүниетаным арасында тығыз байланыс бар. Мәдениет оптимистік-этикалық дүниетанымның өнімі болып табылады» [Швейцер А. Культура и этика // Упадок и возрождение культуры. М.: Прометей, 1993. – 293-б.].
Аграрлық қоғамда туып, өсіп, өмір сүріп, еңбек еткен адам, қаншалықты дарынды болса да, өзінің туындысымен индустриялы қоғам адамының рухани қажеттігін өтей алмайды. Фольклордың ықпалынан шықпаған, аграрлық мәдениеттің тамтығын ғана місе тұтып отырған, пессимистік оқшаулану психологиясына санасын меңдеткен қазақ мәдениетін жасаушылар дүниежүзілік мәдени қауымдастыққа кірігуге дайын бола алмады. Тілдің аграрлық сипаты мен автордың шаруатектілігі оған мүмкіндік бермеді. Ол баста келешегі жоқты күйіттеген далбасаның салдары осылай болуға тиіс еді.
Бұл тұстан біз көркем өнерді тоқырауға тіреген себептердің негізгі екеуіне назар салғанымыз жөн. Біріншісі – өнеркәсіпті қоғамда болып жатқан құбылыстарды көркем сипаттауға жетерлік сөздік қордың тапшылығынан зардап шеккен қазақ тілінің тоқырауы; екіншісі – шаруадан шыққан қайраткердің біліми-интеллектуалдық қуатының шектеулілігі.
КӨРКЕМ ӨНЕРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТТАРЫ
(Қорытынды орнына)
Қазіргі қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің декаданстық жағдайы зиялы қауым өкілдерінен өздерінің игілікті қызметінде шұғыл бетбұрыс, батыл қимылдар жасауды талап етеді.
Көркем өнерді құтқару үшін зиялы қауым адамдардың рухани өсуіне селбесіп, оларды саяси үдерістерге араласуға, эстетикалық санасын өсіруге, талғамын көтеруге, саяси мәдениетін қалыптастыруға, көркем бейнелі дүниеге бағыттауы керек. Көркем шығарма қоғамның, ұлттың тағдырына қатысы бар өзекті мәселелерді батыл көтере отырып, сонысымен бұқараны индустриялы, азаматтық, құқықтық және зайырлы қоғам құруға бағыттай білуі керек.
Бұқараны соңынан ертіп, алдыңғы қатарлы өркениетке қосу зиялы қауымның төл миссиясы болып табылады. Қоғам зиялы қауымнан көркем мәдениеттің даму бағдарын заманауи қоғамның рухани сұранысы тұрғысынан зерделей отырып, замандастар өмірінің шынайылықтарын, соның ішінде, әсіресе, рухани аяны демократияландыруға қатысы бар оқиғалар мен құбылыстарды көркемдікпен меңгеру әдістерін үнемі жетілдіре отырып, өзекті шығармалар беріп отыруды талап етеді.
Ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыруына жаңа импульс беру үшін, ең алдымен, көркем өнердегі тақырыптық саясат қайта қаралуы керек. Мәдениет қайраткерлері:
– ұлт мүддесіне қайшы, заманауи тұрғындардың санасына идиосинкразиялық психологияны меңдететін, келеңсіз идея ретінде ауылды әспеттей сипаттаудан, ауыл тұрмысы мен тіршілігін идеалдандырудан, қазақты ауылға қайтаруға үгіттеуден, болмаған ұғым ретінде «ауыл мәдениетін» көтеру туралы жалған теориядан;
– кеңестік идеология тұрғысынан Батыс өркениеттерінің мәдениеттеріне қарсы контркультура жасаудан;
– ауылшыл патриоттық тұрғыдан қалаға және оның тұрғындарына қарсы идеялар көтерген шығармалар жазудан;
– көркем шығармаға арқау болуға татымайтын тақырып ретінде, әсіресе ән жанрында, туыстарды жырлаудан бас тартуы керек.
Туыстар туралы ән шығару – қазақи отбасылық субкультура. Оның заманауи өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Авторлардың көркем өнердің миссиясы мен мұратын түсінбейтінін айғақтайтын факторлардың салдарынан туындаған оғаш құбылыс. Жеке адамның жақын туысына қатынасы салихалы өнер шығармасы суреттейтін объект бола алмайды. Ол автордың санасының тұрмыс аясында қамалып қалуының «жемісі», оның дүниетанымының тарлығын, интеллектінің шектеулілігін, мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Өзін өзі қадірлейтін ақын, композитор бұл тақырыпқа өлең жазып, ән шығарудан, ал әнші оны орындаудан бас тартуы керек.
* * *
Қазақ зиялы қауымы көркем мәдениет аясында төмендегі трендтерді жүзеге асыруға тырысуы керек:
– басқаруда, қаражат аясында, бизнесте, өнеркәсіп орындарында, халықаралық ұйымдарда қызмет етіп жүрген, елдегі саяси-құқықтық, әлеуметтік өмірге белсенді араласатын, өз қолымен азаматтық қоғамды құруға кірісіп жүрген, рухани даму үстіндегі, заманауи қала адамының бейнесі сомдауымен, индустриялы қоғам өмірін көркем сипаттауымен қазақ тілінде жасалып жатқан ұлттық әдебиет пен өнер туындыларына көпшіліктің қызығушылығын туғызу;
– демократиялық үдерістермен байланысты дүниежүзінде болып жатқан iрi оқиғалар мен құбылыстарды көркемдiкпен игеру, көркем шығармалар арқылы алдыңғы қатарлы Батыс қоғамдарының құндылықтарын бұқаралық санаға сіңіру;
– қазақ театрлары үшін қазіргі заман адамының өмірі мен қызметін, қоғаммен арақатынасын, әлеуметтік белсенділігін, өмір сүйгіштігін, қысылтаяң шақтарда жол тауып шығатын интеллектін, оптимизмін, көңіл ауанын, арманын, толғаныстарын сипаттайтын көркем драматургия жасау. Шын мағынасында «ұлттың мектебі» деңгейіне жету үшін заманауи театрлар репертуарының өзекті саяси-әлеуметтік драмалардан, қалған мазмұны қазіргі қоғамның дертіне дәру болатын классикалық шығармалардан құралуын діттейтін, ақталған формуланы ескере отырып, репертуар саясатын дұрыс жүргізе білу;
– классикалық музыкаға – симфонияға, опера және балет өнеріне ерекше маңыз беріліп, интеллекті күштерді жұмылдыру; әндер әр адамның басына келуі мүмкін, өмірдің терең қойнауларындағы тұрпатты ахуалдар жырланатын, замандастардың сезімдері мен армандарын қозғайтын, өзекті тақырыптарға жазылуы және қазақстандықтарға ғана емес, кез келген адам түсінетін және қабылдай алатын деңгейде орындалуы;
– көркем өнердің дәстүрлі түрлерін дамыту қазақ тілінің нормаларына сай ойын жеткізе алатын, жеке бас мәдениеті мен интеллекті жоғары, ЖОО-да арнайы бағдарламамен дайындалған мамандардың күшімен жүзеге асырылуы керек.
* * *
Заманауи қазақ жазушысы алдымен тілін жөнге келтіруі, вилланолект қойыртпағынан арылып, тілді индустриялы қоғам өмірін репрезентациялай алатын деңгейде меңгеріп, шығармаларын қазіргі заман адамы түсінетіндей, оның идеяларын қабылдайтындай және қоғамының рухани мүдделеріне сай келетіндей етіп жазуға міндетті.
Көркем әдебиетте ғана емес, жалпы ұлттық мәдениет аясында қалыптасқан констелляцияны аңғару және олардың даму перспективасын айқындау үшін философтарды, социологтарды, әлеуметтік психологтарды, өзге қоғамдық-гуманитарлық мамандықтар өкілдерін тарта отырып, дискурстар ұйымдастыру ұдайы үдеріске айналуы керек.
Көркем өнердің демократиялылығы негізінде қоғамда демократияорнайтынын әр зиялы есінде сақтауы керек.
https://dalanews.kz/17206
https://dalanews.kz/17273
https://dalanews.kz/17448