Мамандық таңдау – маңызды іс

Dalanews 02 мау. 2016 21:35 970

Адам өмірінде мамандық таңдаудан басқа маңызды іс жоқ. Оңы мен солын танып үлгермеген мектеп оқушылары мамандығын дәл таңдайды деп айтсақ, артық айтқандық болар еді. Сондықтан жастар мамандық таңдауда көбіне ата-аналарымен ақылдасып, бір шешімге келіп жатады. Мұндайда жастарға қандай көмек болса да артықтық етпейтіні ақиқат. Осыны жете түсінген «Шеврон» компаниясы «Орталық Азиядағы білім беру» орталығымен бірлесіп маңызды жобаны бастаған еді. Күні кеше ғана тараптар Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті қоры орналасқан ғимаратта көпшіліктің басын қосып, маңызды жобаны қорытындылады.

chevron_dalanews (1)Шараға ҚР Парламенті депутаты Ирина Смирнова, «Шеврон» компаниясының әлеуметтік бағдарламалар және әлеуметтік инвестиция бөлімінің жетекшісі Лейла Айтмұханова «Орталық Азиядағы білім беру» орталығының атқарушы директоры Лариса Горбунова қатысып, көкейге түйген ойларын ортаға салды. Басқосуға қатысқан мамандар елімізде жастардың мамандық таңдауы өте өзекті мәселе екенін аңғарды. Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі заңгер, экономист және халықаралық қатынастар мамандығын таңдауға бейім тұрады. Аталған бұл мамандықтан қоғамдық өмірімізде кең тарағаны белгілі. Елімізде жастардың заңгер және экономист мамандығын көп оқығанымен қоғам өз саласын жетік білетін заңгер мен экономистке жарымай келе жатқаны жасырын емес. Мұны басқосуға жиналған мамандар да жасырмай айтты.

Мамандық таңдау кез келген жас үшін маңызды мәселе екенін әңгіме басында айттық. Мамандығын дәл таңдап, өмірден адаспай жолын тапқан жас ел дамуының кепілі екені сөзсіз. Сондықтан қоғам болып жастардың мамандық таңдауына көмек көрсетудің маңызы зор.

Ауылды айтпаған күнде қалалы жердегі кейбір ата-аналардың өзі балаларының дұрыс мамандық таңдауы үшін қажетті ақыл-кеңес бере алмайтыны жасырын емес. Осыны жақсы түсінген «Орталық Азиядағы білім беру» орталығының белсенділері бұл бағытта арнайы жоба дайындап, жыл басынан бері Алматы қаласында бірқатар мектептердегі 9-11 сынып оқушылары арасында жұмыс жүргізіпті. Өз кезегінде елімізде табысты жұмыс істеп жатқан «Шеврон» компаниясы мәселенің маңызын түсініп, жобаға қолдау білдіріпті.

chevron_dalanews (2)

Жиын барысында сөз алған «Орталық Азияағы білім беру» орталығының атқарушы директоры Лариса Горбунова мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдауда өз бетінше таңдау жасауына қолдау көрсетудің қажеттілігін алға тартты.

– Қоғам дамып алға озған сайын, өміріміз күрделеніп, күн сайын неше түрлі мамандықтар пайда болып жатыр. Олардың бәрін мектеп бітіруші түлектер білмейді. Біз 9-11 сынып оқушыларын әңгімеге тартқанымызда, олар Ұлттық бірыңғай тест төртінші пәнді таңдаған кезінде мамандық таңдау мәселесімен бетпе-бет келетіндерін жасырмай айтты.  Өз басым төртінші пәнді таңдау дұрыс мамандық таңдауға ықпал етеді деп есептемеймін. Бір байқағанымыз, 9 сынып оқшылары мамандық таңдауда жалпылама мамандықтардың атын атаудан әріге аса алмады. Ал 11 сынып оқушыларының біразы болса, медицина мамандығын, соның ішінде хирург, балалар дәрігері болғысы келетіндерін айтып, мамандық таңдауда біраз ойланғандарын байқатты. Бұдан кейін біздің орталықтың қызметкерлері 9-11 сынып оқушыларымен жұмыс істеп, қоғамдық өмірімізде қандай мамандықтарға сұраныс жоғары екенін жіліктеп түсіндірген соң, жастар өздерінің қолайына келетін мамандықтарды таңдайтындарын айтып, алғысын білдірді, – деді Л. Горбунова.

Жиын барысында сөз алған  «Шеврон» компаниясының әлеуметтік бағдарламалар және әлеуметтік инвестиция бөлімінің жетекшісі Лейла Айтмұханова:

– «Шеврон» компаниясы әлеуметтік бағыттағы жобаларға барынша қолдау білдіріп келе жатқанын жұртшылық жақсы біледі. Мамандық таңдау – адам өмірінде маңызды сәт болғандықтан, біздер бұл жобаның іске асыруды қолдадық. Қазіргі таңда жастардың бір маман иесі болып қана қоймай, өзі таңдаған мамандығын жан-тәнімен сүюі де маңызды деп есептеймін. Мамандығын шын берілген жандар кез келген саланың аяққа тұрып, дамуына септесетіні анық. «Шеврон» компаниясы Алматы қаласы мен Атырау облысында жастардың дұрыс мамандық таңдауына көмек көрсетіп, бұл бағытта жұмыстарға белсене қатысып келеді, – деп компания өкілі өз ойын ортаға салды.

Нұрлан ӘУБӘКІР




Ұсынылған
Мен сенбеймін
Мен сенбеймін 02 мау. 2016 12:21
ҮНДЕУ
ҮНДЕУ 02 мау. 2016 21:42
Соңғы жаңалықтар
x